Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту: Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда

21.11.2023 в 09:00

Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 орталық жұмыс істейді

Үкіметтің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Үкіметінің білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысына шолу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Азаматтардың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге. Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек», — делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында.

13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және модернизациялау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астанада еліміздегі алғашқы заманауи жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салынуда. Бүгінде жұмыстар 90%-ға орындалды: сәулелік және ядролық медицина орталықтары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус, протон терапия орталығы және т.б. Бұл Қазақстанға Орталық Азияда бірінші болып онкологиялық науқастарға протонды терапия жүргізуге мүмкіндік береді.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде өңірлерде жалпы саны 2,4 млн адамды қамтыған 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Негізгі бағыттар – саламатты және рационалды тамақтануды насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, темекі өнімдері мен алкоголь тұтынуды азайту, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, жарақаттануды азайту.

Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 орталық жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 мыңнан астам адам тиісті қызметтермен қамтылды.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді.Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды. Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, елімізде бірнеше отандық цифрлық шешімдер енгізілуде:

SmartECG бағдарламалық қамтамасыз ету – кардиологиялық зерттеулер нәтижелерін қашықтан интерпретациялау. Қазақстан Республикасының 15 өңірінде жұмыс істейді; EyeLab аппараттық-бағдарламалық кешені – көз түбі кескіндерін автоматты түрде интерпретациялау және қашықтан өңдеу. Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында жұмыс істейді; MedReview бағдарламалық қамтамасыз ету – сәулелік диагностика қызметтері (рентген/мамография/КТ/МРТ) бойынша қашықтан қорытындыларды қалыптастыру. Астана қаласында және Жамбыл облысында жұмыс істейді; HES-7 денсаулық диагностикасы жүйесі – шалғай ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерден пациенттердің денсаулық жағдайы туралы диагностикалық ақпаратты қашықтан жинау және жіберу және телемедициналық консультациялар жасау. Пилоттық апробация Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Ақтөбе облыстарында өткізілді; киілетін құрылғыларды пайдалана отырып, азаматтардың денсаулығына қашықтан мониторинг жасау жүйесі – әлеуметтік маңызы зор үш ауру түрі: қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және гипертония бойынша денсаулықтың негізгі параметрлерін қадағалау. Пилоттық сынақ Астана, Алматы қалаларында және Павлодар облысында жүргізілді.

Жалпы 2023 жылдың 9 айында халыққа телемедициналық консультацияларды қоса алғанда, 687 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді.