Алматы күні: алматылықтар Гиннес рекордтар кітабына енді

17.09.2023 в 20:51

Мегаполистің дамуына үлес қосқан қала тұрғындары «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады

Абай алаңында «Алматы жүрегімде» халықаралық байқауы өтті. Сондай-ақ 10 адам «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мінберде алматылықтарды құттықтаған шаһар әкімі Ерболат Досаев сөз алғаннан кейін мегаполистің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан қала тұрғындарын «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында ғалымдар, дәрігерлер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар.

– Алматыда тудым, мектеп, университет бітірдім. Негізгі қызметім Алматыда өтті. Аз жыл ғана шетелде жұмыс істедім. Бұрынғы Алматымен қазіргі қаланы салыстыруға келмейді. Нөлден бастап, әсем қалаға айналды, – деді Алматы қаласының құрметті азаматы Сәт тоқпақбаев.

Мерекеге қатысқандар 1980-90 жылдардағы көріністерді тамашалады. Сол кездегі дүкен сөрелері, газды сусын сататын аппараттар 30-40 жылға артқа саяхаттауға мүмкіндік берді. Ал сахналық қойылымдар әр жылдардағы Алматының бейнесін көрсетті.

– Біз соғыс жылдарындағы Алматының көрінісін жасап отырмыз. Соғыстан келген үшбу хат. Хатты оқып, соғыста жүрген ұлының аман-саулығын біліп отыр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин.

Биыл қаланың бай мәдени мұрасына ерекше ден қойылған. Алматы тұрғындары мерекенің ұйымдастырылуын жоғары бағалап, қолөнершілер жәрмеңкесін, заманауи өнер көрмесін, сондай-ақ жергілікті суретшілер мен дизайнерлердің жұмысын тамашалады.

– Кешелі бері қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қаланың әр жерінде концерт ұйымдастырылып жатыр. Алматы өсіп, өркендей берсін! – деді қала тұрғыны Гүлдана Ақбаева.

– Отбасымызбен бірге Алматының туған күніне келдік. Ұлымыз рекорд жаңартпақшы, жұмысын көруге келдік, – деді қала тұрғыны Гүлсара Жарымбетова

Бұл – Гиннестің рекордтар кітабына енген жұмысы. Мозайка 5040 рубик текшесінен жасалды. Әлемдік рекорд Гиннес рекордтар кітабының өкілі және қала әкімінің қатысуымен тіркелді. Мозайка авторы Қуаныш Керімқұлов пен иллюзионист Жеңіс Айтжанов алматылықтарға сыйлық жасады.

Қайрат Советбекұлы, Медет Саматұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: ALMATY BLOG AWARDS: танымал медиа тұлғалар мен блогерлер марапатталды