|
06.10.2020 | 17:36
926

Құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет – АШМ

Құс еті бойынша отандық өндірістің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58 пайызын ғана жабады

inbusiness.kz

Құс еті бойынша отандық өндірістің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58 пайызын ғана жабады. Елде құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі  Сапархан Омаров Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, отандық өндіріс есебінен импорт көлемін қысқарту ел экономикасында жыл сайын шамамен 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл қаражат қазір валюталық түсім түрінде басқа елдерге кетуде. Отандық тамақ өнеркәсібінде тағы қандай түйткілдер бар? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек жалғастырсын.

Елімізде құс тұмауынан жаппай құстар қырылғанда өнім тапшылығы болмайды деп сендірген еді Ауыл шаруашылығы министрлігі. Өйткені ішкі нарықтың тең жартысын импортпен жарылқап отырмыз. Ал өзімізде құс еті өндірісі ішкі нарық қажеттілігінің 58 пайызын ғана қамтиды. Проблеманы шешу үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021-2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылатын болады.

«Жоғарыда аталған 13 инвестициялық жобаны іске асыру үшін қосымша 147 млрд теңге, оның ішінде 69 млрд теңге кредиттік ресурстар қажет етіледі. Жобаларды табысты іске асыру үшін мынадай мәселелерді жедел шешу қажет: инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлу, құс етін өндіруді субсидиялауға және инвестициялық субсидияларға қаражат бөлу, құс еті импортына арналған тарифтік квоталарды бөлу тетігін өңдеуші кәсіпорындардың пайдасына өзгерту, азық өндіру үшін жер бөлу», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Бұдан бөлек, елімізде азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру қажеттілігі бар. Атап айтар болсақ, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық импортқа тәуелді. Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 8 айда отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген жоғары қажеттілікті қамтамасыз етіп, өндіріс 34,1% пайызға өскенін айтты. Саланы әрі қарай дамыту мақсатында фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары әзірленген.

«Құны 180 млн АҚШ долларын құрайтын кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосып, 2 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жоспарына сәйкес және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы дәрілік заттардың 297 жаңа түрін және медициналық бұйымдардың 2348 түрін шығару жоспарланған. Екіншіден, фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2,5 есеге артып, 92 млрд.-тан 230 млрд. теңгеге дейін жетеді. Үшіншіден, дәрілік заттар экспорты көлемін 3 есеге ұлғайтып, 58 млн АҚШ долларынан 174 млн АҚШ долларына дейін жеткізу», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Сонымен қатар, 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарай отандық кәсіпорындардың бірреттік бетперделер бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 2 есеге ұлғаймақшы. Яғни 1 млн.-нан 2 млн. данаға дейін жеткізу көзделген. Қорғаныс костюмдері өндірісі 2 есеге артпақ. Осы міндеттерді орындау арқылы ішкі нарықтағы ең қажетті деген дәрілер бойынша отандық өндірушілердің өнімдерінің үлесі қазіргі 39% пайыздан 50% пайызға жетеді, дейді жауапты министрліктер.

Асылбек Тойбек

ГРАФИКА:

ҚҰС ЕТІ ӨНДІРІСІ:

Қуаты 285 мың тонна - 19 құс фабрикасы;

2020 ЖЫЛЫ:

Қуаты 70 мың тонна - 6 құс фабрикасы;

2021 - 2023 жылдары:

Қуаты 215 мың тонна - 13 құс фабрикасы.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир