|
03.02.2021 | 18:52
850

Ауыл әкімдіктерінің бюджеті артуы мүмкін

Төменгі палатаның 15 депутаты бұл Заң жобасына дауыс беруден бас тартты

көрнекі сурет

Ауыл әкімдіктерінің бюджеті артуы мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа заң жобасында әкімдердің аппараттарына өз бюджеттерін 20 пайыздан аспайтын көлемде түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұдан басқа бюджеттерді бекіту рәсімі оңай болмақ. Алайда төменгі палатаның 15 депутаты бұл Заң жобасына дауыс беруден бас тартты. Себебін Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мәжіліс депутаттары алдына бүгін алғаш шықты. Ол «аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстырды.

«Бюджетті нығайту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бюджеттің төртінші деңгейге қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру ұсынылады. Сонымен қатар, ауылдық округтер әкімі аппаратының резервін құру ұсынылады. Бұл қаражат жергілікті қоғамдастықтың бастамасы бойынша кезек күттірмейтін шығындарға бағытталатын болады және өз кірістерінің он пайызынан аспайды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Заңның жобасын таныстырып болған бойда су жаңа министр төменгі палата төрағасынан сын естіді. Нұрлан Нығматуллин құжаттың солқылдақ тұстарын тізіп берді. Жобада мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзетулер де қарастырылған. Оның ішінде жергілікті халық қалаулыларын қайта оқыту көзделген.

«Не ол, даярлау, қайта оқыту деген? Сіздер оларға қайта диплом берейін деп жатырсыздар ма сонда? Ол үшін 647 миллион ақша да қарастырылып қойған», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

«Жоқ, диплом емес, мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру жоспарланған», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

«Тағы қайталаймын, оқыту, қайта оқыту деген норма не үшін енгізілген? Бұл нені білдіреді?» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Бұл сұрақты Мәжіліс спикеріне бірнеше рет қайталап қоюға тура келді. Себебі министр мардымды жауап бере алмай қиналды. Нұрлан Нығматуллин біліктілікті артыру деген желеумен бір апта бойы мәслихат депутаттарын шипажайда, 2 оқытушыны шақырып алып оқыту дегенді доғару керектігін ескертті.

«Бұл біліктілікті артыру болып саналмайды. Сондықтан депутаттар Заңның қажет емес тұстарын, оның ішінде даярлау, қайта даярлау, диплом, сертификат беру деген тұстарын алып тастады. Оқытулар тек Президент жанындағы білім беру мекемелерінде жүргізілу керек. Басқа ешқандай жерде өтпеуі керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Жас министрге тағылар сын мұнымен аяқталмады.

«Сіз қазақша қойылған сұрақтардың барлығына ешқандай рұқсат сұрамай сырғып, орыс тіліне қарай ауысып кеттіңіз. Егер сіз өзіңіздің жасыңызға қарамай, миллионның ішінен министр болуға жараған екенсіз, тәуелсіздіктің құрдасы деп санаймын... Өз ана тіліңізде жауап бермегенді ұят деп санаймын. Сондықтан келесі отырысқа сізге ескерту, қазақ тілінде, ана тіліңізде қойылған сұраққа өз ана тіліңізде жауап беріңіз!» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов.

103 депутаттың 15-і Заңның 1-оқылымда қабылдануынан қалыс қалғанмен, басым бөлігі жақтап дауыс бергендіктен мақұлданды.  

Асылбек Тойбек

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир