|
03.07.2021 | 23:02
4781

Алматыда эпидахуал өрши түсті

Дәрігерлер коронавирусты жұқтырғандардың жазылуы ұзақ уақыт алады дейді

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбейіп жатыр. Тек соңғы тәулікте 385 жағдай анықталып, эпидемиологиялық ахуал өрши түсті. Дәрігерлер коронавирусты жұқтырғандардың жазылуы ұзақ уақыт алады дейді. Тек өкпенің қайта қалпына келуі үшін 3 айға жуық мерзім қажет екен. Ал, үнділік «дельта» штамын емдеу алгоритмі әлі толыға түспеген. Осы тұста мамандар бұл кеселдің алдын алудың жалғыз жолы вакцина екенін тағы да еске салып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде үнді штамы Қазақстанның барлық өңірінде анықталған. Коронавирусқа шалдыққан 414 науқастың ПТР сынамасына скрининг жасау негізінде, елдің әр өңірінде «Дельта» вирусын жұқтырғандар саны 48,3 пайызды көрсетіпті. Мутацияланған қауіпті штамды жұқтырғандар Алматыда да бар. Қазір олар модульдік ауруханада 2020 жылы желтоқсан айында жасалған 10-протокол бойынша ем алып жатыр дейді мамандар.

«Үнді штамының өзінің ауру ерекшеліктерін ескере отырып, біз бұл протоколға жаңа қосымша енгізуіміз мүмкін. Бұл жағы тағы да қарастырылу үстінде. Себебі бізде қазір бұл үнді штаммымен келіп жатқандарға 1 ай болған жоқ. Жақын арада болған дүние. Қазір қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүкіл ауруханада ауырған адамдардың барлығының клиникасының өту ерекшелігін ескере отырып, осы клиникалық протоколға толықтыру жүргізіледі», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов.

Бүгінде шаһарда коронавирусқа шалдыққандар саны 75 мыңнан асқан. Тек соңғы тәулікте 385 жаңа жағдай тіркелген. Ал, 63 науқас жалпы жансақтау бөлімінде жатыр. Індеттің бұлай өршуіне мегаполисте үнді штамының пайда болуы себеп дейді мамандар. Десе де халық екпе салдыруға асықпайды. Қаланың бас санитар дәрігерінің мәлімдеуінше, Әуезов, Бостандық  және Түрксіб ауданы тұрғындарының вакцина алу белсенділігі төмен. Осы тұста, дәрігерлер инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы - COVID-19 екпесін алу екенін тағы да ескертуде.

«Емханаға 30 мың тұрғын тіркелген. Соның ішінде бізге жоспар 22 мыңға қойылған. Бүгінгі таңда 17 мың халыққа егу жұмыстары жүргізілді. 65 жастан жоғары пациенттердің арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде және инстаграмм мен фейсбук желілері арқылы да ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде», – деді қалалық ҰОСА емханасы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Әбдіразақова.

Одан өзге, вакциналау науқанын үгіттеу мақсатында шаһарда жаңа қосымшалар да іске қосылуда. Енді тұрғындар «Яндекс» бағдарламасын пайдалану кезінде егу пункттерінің қайда орналасқанын көре алады. Аталмыш бағдарлама Ресейде кеңінен танымал және оң нәтижие көрсеткен дейді IT мамандар. Соның негізінде бұл бастама Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында пайдаланыла бастаған. 

«Бұл бағдарламаның арқасында вакциналау пункттерінің нақты қайда орналасқанын білуге мүмкіндік бар. Бұл халықтың вакциналау науқанына қатысу қажеттігі туралы хабарлайды. Қазір қалада жағдай ушығып жатыр. Ал, бұл қосымша жүргізуші мен жолаушы, сондай-ақ вакциналау нысандарының арасында қандай да бір байланыс орнатады», – деді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Бүгінде Алматыда КВИ екпесін алғандар саны 487 мың 736 адамға жеткен. Басым көпшілігі 60 жастан асқан қариялар. Ал, ниет білідргендер қалаған уақытында шаһардағы 211 егу пунктінің кез келгеніне баруына болады. Осылай «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп», екпе салдырған абзал дейді дәрігерлер.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир