Қауіпсіз қала: Бостандық ауданында іздеуде жүргендер ұсталды

22.11.2023 в 16:29

Іс-шараның мақсаты – қаладағы қылмыстың көрсеткішін төмендету

«Қауіпсіз қала» іс-шарасының бірінші күнінде Алматы полициясының қызметкерлері ізін суытпай 24 қылмыстың бетін ашып, іздеуде жүрген 15 адамды ұстаған. Ал Бостандық ауданы полиция басқармасы мүлікті қасақана бүлдіруге қарсы арнайы рейд шараларын жүргізіп, бірқатар ереже бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда 1 күнде 2 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, оның 305-і қоғамдық орындарды ластау бойынша тіркелген. Тағы 200 іс алкогольдік ішімдік үшін қозғалған. Бұл – Бостандық ауданы полиция басқарасы жүргізген рейд нәтижесі.

– Мүлікті қасақана бүлдіру, сондай-ақ басқа да құқықбұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған алдын ала іс-шаралары өткізуде. Арнайы мобильдік топтар құрылды. Бұл күндері учаскелік полиция инспекторлары елдімекендердегі саябақтарда, қоғамдық орындарда рейдтер жүргізіліп жатыр, – деді Бостандық ауданы ПБбастығының бірінші орынбасары Нұрберген Әлімұратов.

Тәртіп жұмыстарына тартылған учаскелік полиция тобы алдымен бейіттерді аралап, әкімшілік құқық бұзған 7 адамды зират басында ішімдік ішкені үшін жауапқа тартты. Бөтеннің мүлкін бүлдіруге қатысты фактілерді анықтап, ереже бұзғандарды бөлімшеге жеткізді.

– Арнайы тексеру тобы бүгін қаланы аралап, ереже бұзғандарды анықтады. Мемлекет мүлкін бүлдірмек болғандарға тиісті шара қолдандық. Алдағы уақытта да мұндай рейд жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Бостандық ауданы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Еркаус-Сұлтан Ниязов.

Тексеру барысында жеке тұрғын үйлер мен саябақтардағы қауіпсіздік шараларын қадағалау да қолға алынды. Сондай-ақ белгіленбеген сауда орындарында тауар сатқан 2 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, тағы 2 адамға қоғамдық орындарды ластағаны үшін айыппұл салынды. Іс-шараның мақсаты – қаладағы қылмыстың көрсеткішін төмендету.

Әлібек Шынтемір, Ернар Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қауіпсіз қала: Наурызбай ауданында ата-аналарға айыппұл салынды