|
30.01.2021 | 14:55
5233

Тұсаукесер! Бүгін «Алматы» телеарнасынан «Дала сазы» бағдарламасы эфирге шығады

Қазақ әнінің бар қадір-қасиетін бойына сіңірген еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстырған бағдарлама

Бүгіннен бастап әр сенбінің кешінде «Алматы» телеарнасынан қазақ әнінің бар қадір-қасиетін бойына сіңірген еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Дала сазы» бағдарламасы көрерменге жол тартады.

Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән мен күйдің алар орны ерекше. Бағдарламаның мақсаты да атадан балаға мұра болып келе жатқан, қасиетті қара даламызды ғасырлар бойы тербеп тұрған төл өнеріміз – дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу, атамұра өнердің қасиетін сезіну. Сонымен қатар,  халқымыздың мәдениеті мен тарихының бір бөлігі – ұлттық аспаптардың ерекшелігі – үш ішекті домбыра мен сырлы сыбызғы үні, шертер мен жеті ішекті шертпелі аспабы жетігеннің тылысым әуені, дабылдың дауысы т.б. айтылмақ.

«Дала сазы» бағдарламасында дәстүрлі әншілер  Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Сәуле Жанпейісова, Нұржан Жанпейісов, Рауан Әділбаев, Жанқожа Аяпов, жыршы-термешілер Жәкен Омаров, Ұлжан Байбосынова, Күнқожа Қайролла, күйші Айгүл Үлкенбаева, Мұрат Әбуғазы, Батыржан Мықтыбаев, сонымен қатар дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген «Алатау» серілері, «Hassak» және «Тұран» этно-фальклор ансамбльдері мен айтыскер ақындар  Ринат Зайытов, Жандарбек Бұлғақов, Талант Арынғали, Саягүл Бірлесбек бой көрсетеді.

«Дала сазы» бағдарламасы 15 тақырыптан тұрады.  Қазақ дәстүрлі музыкасындағы әзіл-қалжыңға құрылған ән-күйлер, қазақ дәстүрлі музыкасындағы махаббат, нәубет, зұлмат жылдар, қазақ ән өнеріндегі күрескер әнші-композиторлар, Абай әндері, айтыс өнері, сонымен қатар этно-фальклор ансамбльдерінің шығармашылығына арналады.

Сержан Молдасанұлы, продюсер:

– Дәстүрлі музыка ешқашан ескірмейді, ешқашан жоғалып кетпейді. Әр заманның өз музыкасы болса да, адам өзінің тарихи геніне қайтып  оралады. Дәстүрлі музыка әр уақытта өзінің формасымен, өзінің кезеңімен насихатталып отыруы керек. Дәстүрлі әнді өзгерте алмайсың, атадан қалған музыканы жаңарта алмайсың, бірақ оны жаңа ізденіспен насихаттап келе жатқандар бар. Оны орындауда, әрлеуде форма іздеп табасың.

Қазақ дәстүрлі музыкасы өте бай. Көлемі шексіз болғандықтан, оны мектеп-мектепке бөлген. Мысалы,  Сыр мектебі, Маңғыстау мектебі, Арқа мектебі, Жетісу мектебі деп бөлінеді. Төрт тараптікі бір-біріне ұқсамайды. Оның орындаушылары да саналуан.

Әр телеарнаның ұстанымы, мақсаты болады. «Дала сазы» бағдарламасы «Алматы» телеарнасының ұсынысымен түсірілді. Бұл бағдарламаның өзге бағдарламалар ұқсамайтыны – тақырыптарға бөлінгендігі. Көруге жеңіл, ұғынықты. Көрермен тез қабылдайды. 15 түрлі тақырып, 15 түрлі ән, күй дегендей. Студияның өзі де көрермен назары ән мен орындаушыдан ауып кетпетпейтіндей етіп жасалды.


Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші:

– Тәуелсіздіктің туы тігіліп, үлттық өнеріміздің қазаны қайнап, алдыңғы, орта, кейінгі буындардың ұлттық құндылықтарымызды көтереміз дейтін уақытта, көптеген дүниелер кенжелеп қалып жатты. Көрерменге жол тартқан «Дала сазынан» үлкен бағдарламаның ұшқынын көрдім. Өнердің үлкен соқпағында жүрген өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырып, әр тақырыпта – дәстүрлі ән, күй жанры, басқа да аспаптар – қазаққа тән қандай дүние бар, солардың басын қосқан.  Бағдарлама келген әншілер ән айтып шыға салдым демейді. Әннің шығу тарихы, оны жеткізген адамдар, әр күйдің орындалу нұсқасы, кімнің нұсқасы жиі пайдаланылды деген сияқты жан-жақты талқыланып, зерделеніп, ой елегінен өткізіп, содан кейін барып таспаға түскеніне қуандым. Кешегі жыраулардан қалған құнды сөздердің текстологиясын, үн қайырымдарын, интонациясын, қағыстарын сақтап жүрген әншілер, орындаушылар сахнаға шығып, үлкен толғаныспен айтып жатты. Бұл бағдарлама жалғасын табуы тиіс.

Қуаныш Керімқұлов, «Дала сазы» бағдарламасының жүргізушісі :

– «Дала сазы» бағдарламасы – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін дәстүрлі музыкаға арналған танымдық бағдарлама. Аты айтып тұрғандай, дәстүрлі музыка болғаннан кейін қазақ өнерінің, дәстүрлі өнерінің оның ішінде, марғасқаларының барлығы қатысады. 





Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир