|
13.10.2020 | 11:43
2831

Аққан жұлдыздай өте шыққан – актер Дархан Дайырбектің сәулелі ғұмыры

Танымал актер Дархан Дайырбекті «Сәуле-Ғұмыр» бағдарламасында анасы, туған-туыстары мен өнердегі әріптестері еске алды

Аlmaty.tv

 Көпшілікке «Терісқақпай» театры мен кинодағы рөлдері арқылы таныс Дархан Дайырбектің өнерге келуінің өзі қызық хикая. Алғашында «актер боламын» деген ұлдың арманына отбасы қарсы болыпты. «Актер болу ер балаға қол емес. Мұғалім боласың» деп шешеді үлкендер. Соған қарамастан талантты бала кішкентайынан армандаған маман иесі болуға бар күшін салған. «Сүйікті пәні тарих еді» деп еске алды анасы. Ал, танымал актер Бекжан Тұрыс «Дархан Қазақстан тарихы ғана емес, әр рудың тарихын терең меңгерген шежіреші болатын. Сондай-ақ, актердің халық алдында ашылмай кеткен тағы бір қыры жыршылығы еді» дейді. Танымал актер Дархан Дайырбекті «Сәуле-Ғұмыр» бағдарламасында анасы, туған-туыстары мен өнердегі әріптестері еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv.  


Сағира Мұханбетәліқызы, Д. Дайырбектің анасы:

– Дархан мектеп кезінен өнерге жақын болып еді. Ол қазіргі балалар сияқты өнер мектебіне қатысқан жоқ. Өз талантымен мектептің көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып, скетчтер қойып жүрді. Домбыра үйренді. Оркестрге қатысты. Дархан ақкөңіл, кішкентайынан аузын ашса, көкірегі көрініп тұрады деп айтады ғой қазақта. Біреуді ренжітпейді, біреуге ренжімейді. Қатты ашуланбайды. Қатты ашуланғанын көрмейтінбіз. Мектепте барлық пәнді жақсы оқыды. Әсіресе, тарих пәнін жақсы оқитын еді. Өзім Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтын бітіргенмін. Сосын мен бұны соған алып келдім. Тарихқа жақсы болатын. Бетпе-бет тілдесуге өзім қоса кірдім. Дарханға қойған сұрақты айтып жіберіп едім, ол жердегі мұғалімдер «мамасы тыныш отырыңыз», – деді. Қалғанына өзі жауап берді. Емтихан тапсыруға кетіп еді. Бір уақытта келе жатыр папкасын құшақтап, «Мен құлап қалдым», – деп. Ол шын құлады ма, өтірік құлады ма біз білмейміз. Өйткені оның арманы өнер жағы болатын. Мен өнерге баруына қарсы болдым. Өйткені 80-90 жылдар. Қиын кезең. Мұғалім болсыншы деп ойлағанмын. Сонымен өзінің арманына жетті.


Қанат Құдайбергенов, әнші, Д. Дайырбектің туысқан ағасы:

– 45 күн Моңғолияда болдық. Баян-Өлгейде концерт бердік. 15 күн Ұланбатырда жатырмыз. Концерт береміз. Сөйтіп жүргенде бір күні Дархан жоқ. Бір күн жоқ, екі күн жоқ. Енді мен қатты ашуландым. Енді не істеймін? Моңғолияда бір қиын жағдай болып жүрген кез еді. Содан үшінші күні Дарханның жүрісінен танып қойдым. Үш күн мен далада жүрдім ғой Ұланбатырда Дарханды іздеп. Қарасам келе жатыр екен. Жүрісінен таныдым. Содан бас салдым. Енді біраз мытып-мытып алдым.  Ағатай, ағатай деді. Бізбен бірге жүрген Моңғол Халық республикасының ең үлкен түйе палуаны атанған Құрметхан деген жігіт бізбен бірге жүрді. Ол араша түседі. Сөйтсе, көшеге шықса бір топ қазақ кездесіп қалыпты. Қазақстаннанмын деген. Сөйтсе олар «қазаққа ұқсамайсың ғой. Сен осы моңғолдың адамы сияқтысың ғой», деген. Ұланбатырда тек киіз үйден тұратын шағын ауданы бар. Соған барған қазақтарға. Ет жеген, өнерін көрсеткен. Содан олар 2-3 қонақ етіп  ұстаған ғой. Сонан кейін есіне түсіп келген ғой. Мен қатты ашуланып, өліп қала жаздадым.


Бекжан Тұрыс, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

– Дархан – ұлттың уызына жарыған бала. Қазақы қасиеттің қаймағын сақтап қалған болатын. Шежіре болатын. Кез келген рудың тарихын жатқа білетін. Дарханның ел алдында ашылмай кеткен қасиеті – ол керемет жыршы болатын. Ол Көдектің жырларын, Сүйінбай, Қатағандардың айтысын айтқан кезде... Оны ешкім біле бермейді. Сәл жымиып қойып... Түрінде де тұр ғой. Жалт еткен жанарынан сәбидей сенгіштігі, аңғалдығы байқалып тұрады. Мұқағали ағамның өлеңі бар ғой. «Жарық дүние-ай, жаным-ай менің! Ғажапсың! Ғажапсың, шіркін! Амал не, тезсің, аз-ақсың», – деп. Алау болып жанып, жұлдыз болып өте шықты. Мен Дарханның бойынан ешқашан пендешілік көрген емеспін. Мен «Дархан,  осы биігіңде қалшы сен. Бүгінде пенделіктің тұсауын кесіп, кемеңгерлікке өте алмай жүрген адамдар көп. Бірақ сен осы биігіңде қалшы», – деп өзіне айтатынмын.  Күліп қоятын ыржиып.



Нұржан Тұтов, актер, «Тамаша» театрының жетекшісі:

– Бірде жатақханада жатырмын. Бір жексенбіде Дархан келді қатты ашуланып. Той басқарған. Қонақтардың арасында орыстар болып қалған ғой. Сөйтіп тойдың иесі сөзді мақтап орысша берші деген ғой. Сөйтсе Дархан оны айта алмаған. Тойдың иесі ренжіген. «Разговаривайте» деген ғой. Жыны келіп «Нұржан, ертеңнен бастап маған орысша үйретші», – деді. Мен саған қалай үйретемін? Ертең сағат тоғыздан бастап орысша сөйлесейік дедім. Бір қазақша сөз қоспай... Ойланып тұрды да «мақұл», –  деді.  «Онда атымыз да орысша болсын. Мен Нуржан Кежекулович дедім. Онда сен Николай Кандрач бол деді. Сен кімсің? Дархан Амантаевич. Мен айттым сен онда Дмитрий Алексеевич бол дедім. Ертең сағат 9-дан деп, қол ұстасып бәстестік. Бәске олжа тіктік. Ол кезде радио телефоны бар. Оны далаға шықсақ та өзімізбен бірге алып жүреміз. Ешкім білмейді номерін. Бірақ  ұстап жүргеннің өзі бір ғанибет. Сағат 09.00-ды күтіп отырып телефон шалдым. Ол екінші қабатта, мен үшінші қабатта тұрамын. Телефонмен көтеріп орысша сөйлестім. Көтерді. «Здравствуйте», – дедім. Нарынқолдың акцентімен Зздрастеее», – деді. «Извините пожалуйста, можно Дмитрий Алексеевича к телефону», - дедім да. Пауза болды. Біраздан кейін. «Не туда попали» деп қоя салды. Ай, жеңілдің ғой деп қуанып отырғанмын. 20 секунд өтті ме, өтпеді ме қайттан телефон шалады. Көтерсем «Николай, это Дмитрий Алексеевич», – деп қояды (Күлді). Кейін сұрадым. Сөйтсем, ұмытып кеткен екен. Ол негізі актерлық потенциалы өте керемет еді. Соңғы жылдары өте мәз болып жүрді. «Нұржан, мен театрға кірдім ғой», – деп қатты қуанған. Ол театрға кіргеніне риза болды. Актерға театрдан шығу өте ауыр тиеді.

«Екі күнге ғана келдім деп, екі жыл бірге тұрдым»

Белгілі актер Сәбит Әбдіқалықовтың Дархан Дайырбекпен бірге бірнеше жыл бір бөлмеде тұрғанын көпшілік біле бермейді. Олар неге бір-бірін «әке», «ұлым» деп еркелетті? Неліктен бір-бірін қатты құрметтеді? Студенттік шақтың талай қызығын бірге кешкен Сәбит мырзаның айтар естелігі де ерекше.  


Сәбит Әбдіхалықов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

– 93 жылы жатақханаға келдім. 90 жылдар бір бөлменің есігі бар, бір бөлменің есігі жоқ. Әйтеуір жатақхананың қабырғасы тұрған кездер ғой. Тамыз айының аяғы. Жатақханаға барып бөлмелер іздеп жүрмін. 313-бөлменің есігін қақтым. Дархан ашты. Кірдім, телевизор қойып қойған. Барлығы орнында. Керемет бөлме. Дарханға «Бір бөлме тауып алғанша екі күн тұра тұрайын», –деп айттым. «Жарайды», – деді. Сонымен екі жыл тұрдым ғой. Ана жерден қалай шығасың? (Күлді). Азық-түліктің бәрі болды. Сол жатақхананың олигархы болдық біз. Дарханға Қанат ағалары тойға жібереді. Той басқарады. Мен қасында домбырасын көтеріп барамын футлярімен. Футлярі бар домбыра ол кезде тек Дарханда болды. Бет ашқан кезде микрофонын ұстап тұрамын. Бет ашып болғаннан кейін ақшаны санап айтайын деп тұрсам «Мынша түсті ме?» – деп айтып қояды. Бет ашып тұрып, ақшаны санап тұрады. Студент кездегі ең жақын бірге тұрған адамым екен.

  1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Дархан Дайырбек Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Академияны аяқтағаннан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеген. «Терісқақпай» театрының әртісі ретінде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Ол кино актер ретінде «Әкім», «Құдалар», «Тамада ісі», «Қазақша тонау» фильмдеріне, «Бастық боламын», «Бақытсыздар бағы», «Елдің баласы», «Күй-ғұмыр» сериалдарына түскен. Марқұмның артында екі ұлы қалды.

«Сәуле-Ғұмыр» бағдарламасы – ұлтқа еңбегі сіңген тұлғаларға арналған хабар. Әдебиет, өнер, спорт, медицина, қоғам қайраткерлері. Олардың барлығы да өз саласы бойынша еңбек етіп, артына өшпес із қалдырып кетті. Бағдарламаның кейіпкерлері – осындай жандар. Әр хабар белгілі бір кейіпкерге арналып, студияға қонақтар шақырылады, естеліктер айтылады. Бағдарлама әр сенбі сағат 23:00-де эфирге шығады.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир