|
10.11.2021 | 20:09
1433

Алматының шет аудандарында 1 мыңнан астам үй интернет желісіне қосылды

Тұрғындар интернет мәселесі бойынша Akimat LIVE бағдарламасына хабарласқан болатын, енді бұл түйткіл оң шешімін тауып жатыр

huaweidevices.ru

Алматының шет аудандарындағы 1 мыңнан астам үй интернет желісіне қосылды. Одан бөлек, 223 отбасының өтінімі қабылданып, барлық жұмыс жыл соңына дейін аяқталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Еске салсақ, бұған дейін арнамыздың Akimat LIVE бағдарламасына дәл осы интернет мәселесі бойынша тұрғындар хабарласып, уәжін айтқан болатын. Бұл түйткіл оң шешім тауып жатыр.  

Жаңа Алматының тұрғыны, көпбалалы ана Қарлығаш Берденоваға мердігерлер әкімдіктің қолдауымен интернет желісін тегін жүрізіп берді. Шексіз алғысын білдірген әйелдің сөзінше, бүгінде ғаламтор жағынан еш қиындық жоқ.

«Былтыр біз пандемияда онлайн оқуда қиналып қалдық. Қайта-қайта тариф салу керек болды. Төрт баламның үшеуі мектепте оқитын. Әр балаға тариф құйып отырдық. Ал бұл ақша жағынан қиындық тудырды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Қарлығаш Берденова.

Осыдан екі апта бұрын интернет желісін жүргізген мердігерлер Наурызбай ауданына қарасты Ақжар ықшамауданындағы әлеуметтік балалар үйіне тегін тарифтен бөлек, смарт-теледидарды сыйға тартты. Осылайша, медреседегі балалардың терең білім алуына жол ашып отыр дейді балалар үйінің қызметкерлері.   

«Балаларымызға қайырымдылық көмек ретінде тегін Wi-Fi орнатып, сондай-ақ теледидар сыйлады. Балалар қуанып қалды. Бұл ұрпақ дамуына қосып жатқан еңбегі деп ойлаймыз», – деді «Аманат» әлеуметтік балалар үйінің директоры Өмірбек Бұғыбай.

Бүгінде Нұршашқан ықшамауданы бойынша 336, Тастыбұлақ шағынауданы бойынша 195, ал Ақжар ықшамауданында 184 үй интернет желісіне қосылды. Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

«Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында талшықты оптикалық желісін жүргізуде. Қазір 1 мыңнан астам абонент қосылды. 300-ден артық абонент қосылып жатыр. Келесі жылы Алатау, Түрксіб аудандарының қамтылмай қалған аумақтарын қосып, желіні жүргізетін боламыз», – деді қалалық Цифрландыру басқармасы өзгерістерді басқару және процестік даму бөлімінің басшысы Арын Амантай.

Тұрғындардың сөзінше, былтыр пандемия жағдайындағы онлайн оқу барысында балалардың терең білім алуына интернет тапшылығы кедергі келтіріпті. Бүгінде бұл мәселе оң шешімін тауып, Наурызбай ауданының өзінде 700 шаңыраққа интернет желісі жүргізілді.

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

Алматы қаласы
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир