Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғалым, жазушы Ә. Ыдырысовтың 90 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Ә.Ыдырысов атындағы оқу-өндірістік дәрісхананы ашу рәсімі болды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен журналист, ұстаз, ғалым, жазушы Әбілфайыз Ыдырысовтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Бұқаралық ақпарат құралдарын және баспа өнімдерін безендіру өнерінің қазіргі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік гибрид-онлайн конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Конференция басталмас бұрын Ә.Ыдырысов атындағы оқу-өндірістік дәрісхананы ашу рәсімі болды. Шараға ректор Ғалым Мұтанов, профессордың ұлы, мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов пен қызы Құралай Әбілфайызқызы Ыдырысова және Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, шәкірттері Нұртілеу Иманғалиұлы, Ырым Кененбаев, Бауыржан Жақып және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияны академик, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов кіріспе сөзбен ашып, Әбілфайыз Ыдырысов туралы ҚазҰУ Телерадиокешені дайындаған деректі фильмнің үзіндісіне кезек берді.

Университеттің Жағдаяттық басқару орталығында ұйымдастырылған конференция аясында журналист, ұстаз, ғалым, жазушы Ә. Ыдырысовқа арналған кітаптардың тұсаукесері  де өтті.

Баяндама жасағандардың арасында: Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор; Әсия Бағдаулетқызы, (онлайн), журналист, кинотанушы, Лондондағы Куин Мэри университетінің түлегі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Ұлттық аударма бюросының Лондондағы өкілі;

Роза Мұқанова (онлайн), жазушы, драматург; Ырым Кененбаев жазушы, баспагер, журналист және басқалары болды.

Конференция соңына қарай Ерлан Ыдырысов факультеттің үздік студенттеріне арнайы шәкіртақы табыстады. Шара соңында студенттер атынан Әзімбек Қойлыбай өз ризашылығын білдірді.

 Ғибратты ғұмыры келешек ұрпаққа өнеге болатын қазақтың қабырғалы қаламгері, белгілі журналист, ұлағатты ұстаз Әбілфайыз Ыдырысовтың қазақ халқына сіңірген еңбегі айрықша зор. Жазушы, журналист, педагог, тарих ғылымдарының кандидаты. 800-ден астам публицистикалық мақала, очерктер, оқулықтар, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу», тағы басқа да пәндер бойынша әдістемелік құралдар дайындаған. Сондай-ақ, қазақтың қабырғалы қаламгері Әбілфайыз Ыдырысов қазақ әдебиетіне «Айжанның ғашығы», «Берік», «Аңсаған менің әнімсің», «Ақсүйек», «Кер бұзаудың өлімі» атты танымы мол, пайымы кең повестерін, «Таңшолпан» атты көркем романын алып келді.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир