|
29.10.2020 | 17:37

Алматыда «Әл-Фараби – руханият шыңы» атты дөңгелек үстел өтті

Әл-Фарабидің бұрын-соңды жарық көрмеген, түпнұсқалары Швеция және Оксфорд кітапханаларында сақталған қолжазбаларының көшірмелері ұсынылған көрме ұйымдастырылды

Алматыда «Әл-Фараби – руханият шыңы» атты дөңгелек үстел өтті

Алматы мұражайында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби – руханият шыңы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл шараға Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен ғылым ордасы мұрындық болған. Дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби орталығы», «Ғылым Ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры және өзге де ғалымдар қатысты. Олар ғұламаның ғұмыр жолында еткен ерен еңбегіне тоқталып, оны зерттеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, еңбектерін қолжетімді ету, жастар арасында Фараби мұрасын насихаттау, жәдігерлерін жан-жақты зерттеу сынды мәселелер талқыланды. Шара барысында Әл-Фарабидің бұрын-соңды жарық көрмеген, түпнұсқалары Швеция және Оксфорд кітапханаларында сақталған қолжазбаларының көшірмелері ұсынылған көрме ұйымдастырылды.

«Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай бүгін осы іс-шараны өткізіп жатырмыз. Ғалымдарды шақырып, пікір алмасу – екінші ұстаз атанған ұлы тұлғаның мұрасын ары қарай насихаттауға аз да болса септігін тигізеді деген ойдамыз. Ал сирек кездесетін жәдігерлерді жұртшылыққа көрсету ғұлама еңбектеріне деген қызығушылықты арттырады деп сенеміз», – деді Алматы  мұражайы ғылыми экспозиция бөлімінің басшысы Олжас Атаев.

Bólisý

‡агрузка...

Жаңалықтарды қалт жібермеңіз!