25 қазан – Азаттыққа жол ашқан шешуші қадам

Профессор осы тарих тағылымын сақтауды Мемлекет басшысы терең түсініп отырғанын алға тартты

25 қазан – Азаттыққа жол ашқан шешуші қадам Ашық дереккөз

«25 қазан – Азаттыққа жол ашқан шешуші қадам». 1990 жылы бостандықты аңсаған қазақ елінің алғаш рет көңілінен шыққан егемендік туралы Декларациясы қабылданды. Құжат сонысымен де құнды еді. Бүгінде араға 13 жыл салып атаулы дата қайта оралып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

25 қазанға Республика күні деп, ерекше айдар тағудың тарихи мәні тереңде. Өйткені бұл күні заңды тұрғыда Қазақстанның жері, шекарасы, байлығы, билігі тек өзіне тиесілі екені, парламенттік республика екені тайға таңба басқандай белгіленді. 1920 жылы Қазақ автономиялы республикасының құрылуы қандай ұлы оқиға болса, 70 жылдан кейінгі бұл құжаттың қабылдануы дәл сондай дәрежедегі құбылыс еді.

«Жұмыссыздық, кедейшілік, қылмыс өршіп кетіп еді. Осындай уақытта мемлекеттік егемендікті жариялау бұл Қазақстанда жасампаз күштер бар екенін көрсетті. Анау қиыншылықтардың жетегінде кетіп, «не керек ол декларация, не керек сол қағаз» деп жүре беруге болатын еді. Алдымен мына нан табайық, мал табайық деп кетсе болар еді. Жоқ, біздің басшылық, ол уақытта бірінші орында Жоғарғы Кеңес тұрады. Осы Жоғарғы Кеңестегі депуттар сондай салиқалық танытып, декларацияны қабылдап, елдің бүгіні мен ертеңін анықтап берді», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Мұндай декларацияны қабылдау Кеңес одағының ішіндегі үдерістермен қайнап, пісіп, жетілген дүние еді. Тарихшылардың айтуынша, одақ іші хаосқа тап болған кезде еліміз бәрін ақылға жеңдіріп, заңға бағындырғаны бұл Қазақстанның интеллектуалды әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. «Ел ішінде тәуелсіздік одақ тарқап кеткенде алынды» деген жаңсақ, жалаң пікірлер айтылады. Бірақ ол мүлде олай емес. Бұл үлкен саяси күреспен келген, Жоғарғы Кеңестегі мықты қайраткерлердің бар ынта-ықпалымен қол жеткізілген декларация еді.

«Салық Зиманов, Сағадат Нұрмағанбетов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Манаш Қозыбаев-академик, Мұрат Әуезов, Қадыр Мырза Әлі – сол кездегі бүкіл ұлтты қаймағы болған кісілер. Олар – алғашқы декларацияның шын мағынасындағы шекарамызды, тіліміздің тәуелсіздігін сөз қылған алғашқы шарттарын жазған, сол құжатқа араласқан тұлғалар», – деді ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Республика күні 2009 жылдан бері атаулы дата ретінде еленуі тоқтады. Маңызды сәт ұлықталмай қалды. Зиялылар тарих алдындағы парыз орындалмай қалғанын мойындайды. Сондықтан Хангелді Әбжанов бұл датаны «Қазақ мемлекеттілігі күні» деп атасақ артық емес дейді. Профессор осы тарих тағылымын сақтауды Мемлекет басшысы терең түсініп отырғанын алға тартты.

«Тоқаевтың шешімі –  тарихты, мемлекеттік бетбұрысты, оқиғаны терең  түсінгенінің көрінісі. Тоқаев та сол оқиғаның куәгері. Оның ғылыми, саяси, практикалық тұрғыдан ерекше сәт екенін қапысыз ұққаны», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Елдің саяси мәдениетін көрсетіп, болашағына заң жағынан жол салған, Қазақстанның мемлекет ретінде өмір сүріп кете алатын әлеуеті барын танытқан бұл қадам сонысымен де маңызды.

Назкен Еркін, Мақсат Күнібек, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир