|
02.12.2020 | 20:57

Алматыда азық-түлік бағасы жаңа жылға дейін өзгермейді

Пандемия кезінде азық-түлік бағасының тұрақтылығы – басты назарда

Алматыда азық-түлік бағасы жаңа жылға дейін өзгермейді

Пандемия кезінде азық-түлік бағасының тұрақтылығы – басты назарда. Халық көп тұтынатын тауар бағаларының бірқалыпты екеніне көз жеткізу үшін сауда орындарында үнемі мониторинг жүргізіледі. Өңірдегі баға саясаты қандай? Бірінші кезектегі азық-түлік құны тұрақты ма? Тақырыпты кезекті тексеріске қатысқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.

Тұрақтандыру қорын азық-түлікпен толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 7 миллиардтан астам теңге бөлінді. Бүгінде жауапты мекеме мен ірі сауда орындары арасында бағаны тұрақтандыру туралы меморандум бар. Соған сәйкес кәсіпкерлер  тауар құнын өздігінше өсіре алмайды. Сондай-ақ, әрбір өнімге қосылатын үстеме баға 15 пайыздан аспауы тиіс.

«Азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында қаламызда әр аудандарда топтар құрылған. Алматы қаласы әкімдігімен бірге бағаларға мониторинг жүргізіледі», – деді қалалық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Қанат Кәкен.

Ірі сауда желілері бірнеше айдан бері әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын нарық құнынан төмен бағамен сатуда. Бұл тауарларға: бірінші сұрыпты ұн, күріш, қант, макарон, қарақұмық, күнбағыс майы, сары май, нан, айран, сүзбе, тұз, жұмыртқа, сүт, тауық пен сиыр еті және бірнеше көкөніс түрі кіреді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пияздың бір келісі үшін стандартты баға 69 теңге. Өзеріңіз көріп тұрғандай, сауда желісіндегі көкөністің құны 65 теңге. Яғни бекітілген бағадан 4 теңгеге арзан сатылып жатыр.

Сонымен қатар, демалыс күндері әр ауданда жәрмеңкелер  кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр. Мұнда қалаға жақын орналасқан облыс тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін базардағыдан төмен бағамен сатуда. Ал жауапты мамандар азық-түлік бағалары тұрақты дегенімен, тұрғындардың пікірі жан-жақты.

БЛИЦ:

– Азық-түліктің бәрін осынан аламын. Бағалары тиімді. Бәрі ұнайды.

– Бағалар жақсы, бәрі ұнайды.

– Қант, картоп, сәбіз аламыз. Сүт өнімдерін аламыз, әрине. Бірақ баға күнде өсіп тұрады.

Мамандардың айтуынша, жаңа жылға дейін бекітілген бағалар тұрақты болмақ. Қазір, дүкен сөрелеріндегі картоп құны - 89 теңге, нанның бағасы - 85 теңгені құрайды.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы

Bólisý


Janalyqtar tizbegi

Oqı otyryńyz

117
20.01.2021
163
20.01.2021
245
20.01.2021
947
19.01.2021
Жаңалықтарды қалт жібермеңіз!