|
21.10.2020 | 16:14
921

Бізді алдап соқты деп ешкім айта алмайды: саясаттанушы Айдос Сарым сайлау жайында

Елімізде Мәжіліс сайлауы 2021 жылдың қаңтарында өтеді

Фото: qamshy.kz

Елімізде Мәжіліс сайлауы 2021 жылдың қаңтарында өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, Президент жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданғанын да айтты. Алда өтетін сайлаудың ерекшеліктері туралы Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке тарқатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады делінген. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Бұл қос тараптың пікір алмасуына мүмкіндік бермек.  

«Оппозицияға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оған комитет төрағаларының орынбасарлары болуы керек, сессия сұрақтары қойылуы керек дегендей, бұл заңдастырылған дүние. Бұрын да болатын, бірақ осы жолы заңды түрде. Бұл басқа пікірді, басқа ойды, бір жақты ғана болмас үшін, жан-жақты қарау үшін мүмкіндік туғызады», – деді  қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов

Саясаттанушы Айдос Сарым бұл сайлаудың ерекшелігі – биліктің осы кезге дейін құрылған саяси институттар мен құрылымдардың берекелігін, қаншалықты сыннан өте алатынын бақылуында болмақ дейді. Ол Парламентке өтетін партиялар алдағы уақытта өте бүгінгі экономиканың, бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін түбегейлі өзгертетін заңдардың тізбектерін қабылдауы қажеттігін айтты. Өйткені тарихи маңызы бар сайлау – әр түрлі салада жаңа заңдардың легін қажет етеді.

«Бұл Мәжіліске өте көп үміт артылып отыр және өте көп саяси мақсат-мүдде тағылып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, бұл сайлаудың әділ өтуіне, шынын айтса, биліктің бұл жолы ешнәрседен қорықпай емін-еркін өткізуіне мүмкіндігі бар. Мысалы, 2007 жылдан бері бұл өз кезегімен, өз ретімен өтіп жатқан сайлау. Қазір ешкім айта алмайды, мінеки, бізді алдап соқты, уақытынан бұрын мәжілістің сайлауын жариялап жіберді, біз білмей қалдық, дайындала алмай қалдық, естімей қалдық деуге ешкімнің қақысы жоқ», – деді саясаттанушы Айдос Сарым.

Тағы бір айта кететіні, алдағы жергілікті мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Бұл өз кезегінде саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етіп,  саяси партиялардың жұмысын жандандырады. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері алда өтетін сайлаудың әділетті өтуіне бақылаушыларды қатыстыру қажеттігін алға тартты.

«Ресми түрде жарияланған сайлаудың жұмысына біз белсенді қатысуымыз керек. Тағы бір маңыздысы – осы сайлаудың әділетті, ашық өтуіне бақылаушылар керек. Бақылаушылар болған кезде кез келген сайлау, ашық, әділетті өтеді», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх.

Конституциялық заңға сәйкес, парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл – әйелдер мен жастардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізбек.  

«Партиялық тізімдерде жастар мен әйел адамдарының категориясын міндетті түрде қосып белгілеу қарастырылған. Бұл расымен де біздің парламенттің, жергілікті жердегі мәслихаттардың қайтадан жандануына септігін тигізетін процесс деп ойлаймыз», – деді Jas Otan жастар қанатының алматы бойынша төрағасы Мәди Ахметов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады», – деді. Президент елдің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырды.

Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир