|
05.08.2021 | 21:20
4671

Ауырып жатқандардың 90-100%-ы екпе алмағандар: жазушы С. Досанов вакцина алудың маңызын айтты

Алматының инфекциялық стационарларында 5 мың 45 адам ем алып жатыр

«Қыздырманың қызыл тіліне ермеңдер. Екпеден қашпаңдар». Осылайша жұртшылықты вакцина алуға шақырған тарихшы Хангелді Әбжанов халық болып, ел болып тұтассақ, індетті жеңетінімізге сенім білдірді. Ал, қазір қаланың инфекциялық стационарларында 5 мың 45 адам ем алып жатыр. Оның 369 жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде. Дәрігерлер де жағдайды ушықтырмай, мамыражай тірлік салтанат құрсын десек, вакцина алу керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Махмұтұлы коронавирустың қаншалықты қауіпті екенін жақсы біледі. Өйткені бұл індетпен былтыр ауырып, аман қалды. Адамзат тарихында оба, сүзек, қызылша сияқты індеттер көп болған, соның бәрі екпемен жойылған,  дейді ол.

«Екпе болмай, ем-дәрі қолданылмай оның біреуі жоғалмас еді. Бұл жолы да сол. Бұл жолы да вакцина алу – бұл міндет. Өзіңе, болашағыңа, бала-шағаңа, бәріне сол екпе ғана көмектеседі. Бос сөз, өтірік насихат көмектеспейді. Осы екпені алу міндетті деп санаймын. Бұл біздің әрбірден кейін тәуелсіздігімізді қорғағанымыз», – деді ҰҒА академигі, тарихшы Хангелді Әбжанов.

Әлемді құрсаулап қысып тұрған жаман індеттен құтылу үшін вакцина салғызу керек деген жазушы Сәбит Досанов ауру жұқтырғандардың көбі екпе алмағандар екенін айтады. Қазіргі ушығып тұрған дерттен сақтану үшін өзі де вакцина салдырған.  

«Бүкіл дүниежүзін жаман ауру қысып бара жатыр ғой. Бұдан сақтаудың бірден-бір жолы вакцина алу керек. Мұны өмір дәлелдеген. Вакцина алған адамдар онша ауырмайды. Қазір ауырып жатқандардың 90-100 пайызы екпе алмағандар. Сондықтан вакцина алу керек деп ойлаймын. Айтып отырғаным жалаң сөз емес. Өзім вакцина алдым,  екіншісін жақында аламын. Бұл өзіңді сақтаудың, жақындарыңды сақтаудың бірден-бір жолы», – деді жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досанов.

Ал, дәрігерлер қазіргі коронавирустың белгілері өзгергенін айтады. Жаңа штамм іш өту, асқазан ауруымен ерекшеленеді. Солардың ішінде екпе алғандар ауруды жеңіл өткеріп, амбулаторлық жағдайда емделеді екен.

«Осы уақытқа дейін бізден 11 мың 354 адам вакцинаның 1-компонентін алды. Екіншісін 8 мың 989 адам екпе салғызды. Дәл қазіргі сәтте 20 жас пен 40 жас аралығындағы адамдар көп ауырып жатыр. Сол үшін мен барлық қазақстандықтарды екпе алуға шақырамын», – деді Құлагер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Шәмшінұр Мұсаева.

Қала тұрғындары да екпе алуға асқан жауапкершілікпен қарайтындарын жеткізді. Бұл дерттен құтылудың жалғыз жолы вакцина екенін жақсы түсінеді.

«Бүгін екпенің екіншісін салдыруға келіп тұрмын. Мен өзімді және отбасымды ойлап салдырдым. Қаламыз қазіргі таңда «қызыл» аймақта. Соны ойлап салдырдым», – деді қала тұрғыны Әли Ілиясов.

«Мен сауда орталығында жұмыс жасағандақтан, вакцина алдым. Кассир болып істеп жүріп, көптеген адамдармен қарым-қатынаста боламыз. Сондықтан өзімнің, жақындарымның қауіпсіздігі үшін екпе алдым», – деді қала тұрғыны Клара Исақұлова.

Алматы қаласында соңғы тәулікте 7 мың 109 адам вакцинаның 1-компонентін, ал 12 мың 479 адам 2-компонентін алған. Екпені 60 жастан асқан 101 мың 971 адам салғызыпты. Бұл – Қоғамдық денсаулық басқармасы берген мәлімет. Жалпы мегаполсите қазір 167 вакциналау пункті жұмыс істеп тұр.

Сая Меңдеке, Ескендір Тоғысбаев, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеларнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир