|
05.12.2022 | 18:04
5356

Медеуде кездесейік: Алматы телеарнасы көрерменін жаңа туындымен қуантпақ

Бүгін сағат 21:00-де сериалдың екі бірдей бөлімі көрсетіледі

Алматы телеарнасы ұжымы өз көрерменін тағы бір жаңа туындымен қуантпақ. Бүгіннен бастап «Медеуде кездесейік» атты телехикая көпшілік назарына ұсынылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сериал алматылықтар мен қала қонақтарының таптырмас демалыс орталығына айналған Медеу мұз айдынының 50 жылдық мерейтойына арналады. Жастар арасындағы махаббат пен достық қарым-қатынас баяндалатын телехикая мелодрама жанрында түсірілген.

Медеу мұз айдыны - талай жасты таныстырып, табыстырған романтикалық мекен. Телехикая желісі де осы спорт нысанынан басталады. Бокстан әлем чемпионы, спортшы Азат жаттығу жасау үшін Медеуге жиі барады. Ал 20 жастағы Сара сол кешенде жұмыс істейді. Мерекелік іс-шараға дайындық кезінде олар танысып, араласа бастайды. Екеуара достық кейіннен махаббатқа ұласады.

«Бұл персонажым басқаларға қарағанда ерекше. Өйткені бұған дейінгі кейіпкерлерім көп сөйлейтін, мінезі ұнай бермейтін.Ал бұл кейіпкерім салмақты, сабырлы болды. Мен ең көп жылайтын сериал десем болады. Біздің топ сіздерге жақсы дүние түсіру үшін тырыстық. Бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар», – деді актриса Гүлия Ұзақбаева.

Телехикаядағы актерлік құрам да кәсіби жасақталған. Продюсердің сөзінше, сценарий желісіне сәйкес келетін актер табу оңайға соқпаған. Кастинг екі ай жүргізіліпті. Дулыға Ақмолда, Айгерім Жаңалбаева секілді танымал актерлермен бірге сериалда Асқар Жұмабеков, Гүлия Ұзақбаева, Нұрсұлу Ізбасарова сияқты жас таланттар да бой көрсетеді.

«Түсірілім кезінде қиыншылықтар көп болды. Күн суытып кетті. Медеуде әдемі кадрлар алайық десек, тұман түсіп кетеді. Одан кейін жөндеу жұмыстары, Шымбұлақтағы фуникулер тоқтап қалады. Бұл сериалда Алматыны жаңа қырынан көресіздер, дронмен түсірілімдер көп болды», – деді телехикая продюсері Ай-Керім Самалбекқызы.

Телехикая - Алматы телеарнасының төл өнімі. Бүгін сағат 21:00-де сериалдың екі бірдей бөлімі көрсетіледі. Махаббат дастанын дүйсенбі мен жұма аралығында арнамыздан тамашалай аласыздар. 

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, Ғани Қалуов, «Алматы» теларнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир