8 жыл пәтер жалдап тұрдық: Қала күніне орай баспаналы болған көпбалалы отбасылар қуанышын бөлісті

Алматы күнінде 227 көпбалалы отбасы баспаналы болды

«Өз үйім өлең төсегім». Алматы күнінде 227 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Бүгін 20 жанұяға су жаңа үш бөлмелі пәтер кілттерін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, жуырда ғана 2 миллионыншы алматылық атанған сәбидің ата-анасы да жаңа пәтер иеленді, деп хабарлайды Almaty.tv

Қанша жылдан бері пәтер жалдап, үй кезегінде тұрған 227 көпбалалы отбасы баспанаға қол жеткізіп, арқа-жарқа күй кешті бүгін. Соның ішіндегі 20 жанұяға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ресми түрде кілт тапсырды. Пәтерлер Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-5» тұрғын үй кешенінен берілді. Шаһар басшысы балалар мен ата-аналарға зор денсаулық, әр отбасыға бақыт пен береке тіледі.

«Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын. Іші баланың күлкісіне толсын. Балаларымыз көп болсын. Бізде, мысалы, биыл 2 миллионыншы қаланың тұрғыны пайда болды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Мегаполис басшысы тілге тиек еткен екі милионыншы тұрғын Аяла Жамбыл есімді сәбидің де жанұясы баспаналы болды. Бұған дейін көпбалалы отбасы ата-анасының үйінде тұрып келген. Енді енші алатын болдық деп қуанған ана шексіз алғысын білдірді.

«Қызым Аяла менің алтыншы рет құрсақ көтерген қызым. Біз бұндай 2 миллионыншы болады деп күтпедік. Өте қуаныштымын», – деді 2 миллионыншы тұрғын, А. Жамбылдың анасы Әлия Жәнібекова.

Кілтке ие болып, күлімдеп тұрған алтын алқа иегері Гүлсана Оспанова 22 жыл бойы өзге үйді паналап келіпті. Бүгін ананың мерейі тасып тұр.

«Осы уақытқа дейін пәтер жалдап, 1 бала емес, 7 баламен анда-мында көшіп қиыншылық көп көрдік. Аллаға шүкір бүгін отбасымыз үшін өте қуанышты күн», – деді Алтын алқа иегері Гүлсана Оспанова.

Салтанатты шарадан кейін жаңа қоныстарына кіруге асыққан тұрғындар пәтерлерін көріп, марқайып қалды. Шашу шашылып, бос үйге әр кірді. Қала тұрғыны Қорлан Қадырқұлова пәтердің үш бөлмелі әрі кең екеніне дән риза. Бәрі өзі ойлағандай.

«8 жыл пәтер жалдап тұрған едік. Төрт баламен кішкентай үйде. Енді міне 3 бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Бақыттымыз. Осындай бәріне жұғысты болсын», – деді көпбалалы ана Қорлан Қадырқұлова.

«Бұдан бөлек, биыл жыл соңына дейін Алатау ауданында «Мәдениет» тұрғын үй кешенінен де пәтерлер үлестіріледі. Олар жұмыс істейтін жастар мен мұқтаж отбасыларға берілмек», – деді Қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров.

Айта кетерлігі, пәтер кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балалар мен оларды тәрбилепеп жатқан отбасыларына мемлекет бастапқы жарнаны өтеуге көмек ретінде 1 миллион теңге беріп жатыр. Жаңа Алматыда бой көтерген үйлер маңына жаңадан мектептер мен емханалар салынып, айнала көріктендіріледі. Жыл соңына дейін қалада жалпы көлемі 2.6 млн шаршы метр үйді қолданысқа беру жоспарланған.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Жасұлан Өмірзақов «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

көп балалы ана
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир