Медеу ауданында 100-ден аса жалғызбасты қарияға азық-түлік себеті таратылды

Іс-шара үшін 20 еріктіден 10 бригада жасақталған

Медеу ауданында 100-ден аса жалғызбасты қартқа азық-түлік себеті таратылды. Аудандық әкімдік ұйымдастырған шара халықаралық қариялар айлығы аясында өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әр себетке  ұн, қант, макарон, шай сияқты ең қажетті өнімдер салынған. Іс-шара үшін 20 еріктіден 10 бригада жасақталған. Олар үй-үйді аралап, ілтипаттарды қариялардың қолдарына табыстады. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясындағы жұмыстар тек осы айлықта ғана емес, жыл бойы жүргізіледі.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жоба бар. Оның үстіне қазан айы, өздеріңіз білесіздер, қарттар айлығы. Соның аясында біз осы бүгінгі өзіміздің ауданда тұратын жүзден аса зейнеткерлерді азық-түлік пакеттерімен қамтамасыз етуді шештік. Бүгін бізде өздеріңіз көріп отырғандай, осы еріктілер көмектесіп отыр. Ол кісілерге де алғысымыз шексіз», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.



Айта өту керек, ауданда 27 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Оның 25-і Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 350-ге жуық қарт әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің қамқорлығында. Яғни, әкімдікке қарасты қоғамдық қызметкерлер ерекше күтімді қажет ететін зейнеткерлердің үйін тазалап, дәрігерге қаратып, оларға қамқорлық көрсетіп келеді. Аудан қариялары жергілікті әкімдіктің көмегіне дән риза.

«Айтатыным тек қана алғыс қой. Бұл бізді, қарттарды ұмытпай 9 мамырда, одан басқа да – наурызда осындай азық-түлік әкеліп беріп, бізге денсаулық тілеп, жақсылық айтып жүреді. Оған өте көп рахмет айтамыз. Біз ескерусіз қалған жоқпыз, былайша айтқанда», – деді қала тұрғыны Нұрмағамбет Төреханов.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир