|
15.10.2020 | 21:49
870

Қазақстанда өнеркәсіп саласының мамандарын даярлау жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған – сенатор

Бұл туралы Сенат депутаты Еділ Мамытбеков Премьер министрге жолдаған сауалында айтты

primeminister.kz

Қазақстанда өнеркәсіп саласының мамандарын даярлау жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған. Бұл туралы Сенат депутаты Еділ Мамытбеков  Премьер министрге жолдаған сауалында айтты. Оның сөзінше, елімізде жүзден астам жоғары оқу орындарының ішінде тек үш университет қана Times Higher Education рейтингіне кіреді. Яғни барлық диплом алған жас мамандардың шамамен 3 пайызы кәсіби деңгейі бойынша дамыған елдердің мамандарымен бәсекелесе алады. Толығырақ елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауындада жаңа өнеркәсіп саясатын әзірлеу міндетін қойды. Оның ішінде кадрлар даярлау мәселесі өзекті. Бұл ретте сенатор Еділ Мамытбеков  өнеркәсіп саласында қолдарында күректей дипломдары бар қазақстандық мамандардың біліктілігінің төмендігін сынға алды.

«Кадрларды даярлау өнеркәсіптік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Бізде барлық диплом алған жас мамандардың шамамен 3%-ы ғана кәсіби деңгейі бойынша дамыған елдердегі әріптестерінің біліктілігіне сай. Бұл дегеніміз, мамандарымыз орындайтын барлық жұмыстар мен қызметтердің тек 3%-ы ғана импорттық шешімдермен бәсекелесе алады. Әсіресе, жер қойнауын пайдаланушыларда кадрларды даярлау бойынша міндеттемелер бар. Үкімет бұл мәселені Қазақстан Республикасы Президентінің жеке тапсырмасынсыз шешуді жоспарлап отыр ма?» – деді  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков.  

Сенатордың сөзімен жұмыс беруші Дмитрий Ганьба та келісіп отыр. Қазақстандық түлектер теориялық тұрғыдан білім алғанмен тәжірибеде осал келеді дейді ол. Сол себепті қайта үйретіп, тіпті шетел мамандарымен тәжірибе алмастыруға тура келетінін айтады.

«Мамандарды жұмысқа алғанда бас кезінде уақытымыз қайта үйретуге кетеді. Тіпті, жас маманды Ресейге жібереміз, үйрету үшін өзге елден мамандар шақырамыз. Қазақстанда заманауи барлық қажетті құралдармен жабдықталған оқу орындары жоқтың қасы. Болашақта бұл мәселе шешіледі деген сенімдеміз», – деді жұмыс беруші Дмитрий Ганьба.

Ал, Білім және ғылым министрлігі техникалық-кәсіби мамандықтар бойынша мамандарды даярлау бағдарламасы тәжірибеге көп бағытталған дейді. Тіпті, білім беруде жұмыс берушілер де атсалысатын көрінеді. Сондықтан өнеркәсіптік, техникалық сала мамандары еңбек нарығына сай оқытылып жатқанын айтады.  

«Дуалды білім беру бойынша Ұлтық кәсіпкерлік палатасының жүргізген зерттеу статистикасына сәйкес 90 пайыз жұмыс берушілер біздің даярлайтын мамандардың білім сапасына көңілдері толатынын көрсеткен. Менің ойымша, біздің білім беру бағдарламамызбен, заманауи құрал-жабдықтар деңгейімен, халықаралық деңгейдегі бағдарламалармен әлемдік деңгейге сай келетінімізге сенімдімін», – деді ҚР БҒМ Кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Естеріңізге сала кетейік, жақында елімізде 145 колледж 330 мамандық бойынша лицензиясынан айырылған болатын. Арасында еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар да болған. Тіпті кейбір колледждерге белгілі бір мамандықтар бойынша студенттер оқуға мүлдем түспеген.

Асылбек Тойбек

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир