|
25.05.2020 | 13:48
2290

«Шешімі бардың» шешпеген мәселесі жоқ

«Шешімі бар» жобасы сынды әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы жобалар әр арнаға керек-ақ

Almaty.tv

Қысқа уақыт ішінде көрерменнің көзайымына айналған «Шешімі бар» әлеуметтік ток-шоуының жүргізушісі, белгілі актер Азамат Шарғынмен сұхбаттастық. 

– Әңгімеміздің басында бағдарлама ұжымының осы уақытқа дейін жасаған игі істері жайында айта кетсеңіз.

– Қазір бағдарламамыздың үшінші маусымын түсіріп бастадық. Бұл уақытқа дейін екі маусымы көрермендер назарына ұсынылды. Ол жерде көптеген игі істер атқарылды. Атап айтар болсақ, үш отбасы баспаналы болды, аяқ асты болған қайғылы жағдайдан отбасынан айырылған  80 жастағы қарияның  30 жылдан бері іздеп таппай жүрген туыстарын  тауып бердік. 30 жылға жуық анасын жоғалтып алған жігіт анасына қауышты. Осындай көптеген игі істер атқарылды. Әр бағдарламада кейіпкерлер мәселесінің шешімін табуға бағдарлама ұжымы қолдан келгеннің бәрін жасады.

– «Шешімі бар» бағдарламасы талай мұқтаж жандарға көмек қол ұшын созғанын білеміз. Күні бүгінге дейін көмек сұрайтындар кездесе ме?

–  Бұл бағдарламаға  жүргізуші болғалы «бізде осындай жағдай болып жатыр, қиын жағдайға тап болдық. Бізге көмектесе аласыздар ма?» деген сарында  әлеуметтік желіде көп оқырмандар хат жазатын болды. Жасыратын несі бар, мен бағдарламаны жүргізгенім болмаса, шығармашылық жағына араласпаймын, сондықтан жекеме көмек сұрап хат жазғандарға «Редактор, журналист қыздарға айтайын, телефон нөміріңізді берейін, сосын өздері хабарласар» деп жауап беремін.  Әрі қарай қыздар  өздері сөйлесіп, жағдайымен танысады, жауабын береді.

– Алдағы уақытта қандай тақырыптар қозғалады?

– Әлемді жайлаған індет біздің елді де айналып өтпеді. Сол көзге көрінбейтін жаумен бетпе-бет айқасқа, алдыңғы шепке дәрігерлер, тәртіп сақшылары мен журналистер жұмылдырылғаны белгілі. Осы үш саланың мамандарына алғысымызды айтып, жеке-жеке бағдарлама арнайтын боламыз.

– Бағдарламаны ары қарай дамыту жоспарларыңызда бар ма? Шешімі бар бағдарламасының басқа хабарлардан ерекшелігі қандай?

– Еліміздің арналарында түрлі бағыттағы бағдарламалар жетерлік. Өкініштісі, солардың басым көпшілігі ойын-сауық, әзіл-сықақ бағытында. Көрерменге бір уақыт ойын-күлкі керектігіне ешқандай дауым жоқ. Бірақ таңның атысынан, кештің батысына дейін көрерменнің күлкісін ғана ойламай, олардың шешімін таба алмай жүрген мәселелерін, мұңын, қайғысын да ойлау керек. Сондықтан халықтың жоғын жоқтап, мәселелерін шешуге атсалысатын  «Шешімі бар» жобасы сынды әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы жобалар әр арнаға керек-ақ. Бұл жобаның ерекшелігі – қолға алған істі халықтың талқысына ғана салып қоймай,  соңына дейін жеткізуге, шешімін табуға бар күш-жігерін салатындығында. Арна басшысы Нұржан Жалауқызының осындай әлемеуттік жобаларға көңіл бөлетіндігі қуантады. Ол кісі Ұлттық арна басшылығында жүргенде, барша халықтың көңілінен шыққан «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламасы эфирге шыққан болатын.  Ал жоба жалғасын таба ма дегенге келсек, күзде 4-маусымы түсіріледі деп жоспарлап отырмыз.

–  Ток-шоу оңай жанр емес. Әсіресе, оның ішінде  әлеуметтік ток-шоудың жауапкершілігі жоғары.  Қандай да бір  қиындыққа тап болдыңыздар ма?

– Әуел бастан алған мамандығым, салам бөлек болғандықтан, әлбетте  қиыншылық болды. Әлеуметтік жобаны жүргізу – үлкен жауапкершілікті мойныңа жүктейді. Бұл жерде азапқа толы қиын тағдырлар,  ауыр тақырыптар қозғалады. Солардың бәрін түсірілім барысында өн-бойыңнан өткізесің. Қуанса – қуанасың, жыласа – бірге мұңаясың, кейде көз жасыңды ұстай алмай қаласың. Алдыңғы түсірілімнің бірінде, тағдыры тәлкекке түскен бір қария кісі ұзақ жылдардан кейін өзінің туысымен қауышқанда, тамағыма тас тұрғандай сөйлей алмай, өксік келіп, сол бағдарламаның аяғына дейін әзер шыдап, түсірілімді әрең аяқтаған болатынбыз. Сондай сәттер болып тұрады. Сіз қазір ток-шоу деп отырсыз ғой, халық арасында бұл сөзге белгілі бір көзқарас қалыптасқан. Шоу десе, көп адам өтірік деп ойлайды. Сондықтан «Шешімі барды»  ток-шоу деп атаған маған да ұнамайды. Әлеуметтік тұрмыстық жоба не бағдарлама деп атаған дұрыс сияқты. Ұжымдағы журналист, редактор қыздарымыз өте үлкен жұмысты атқарып жатыр. Сондықтан 95 пайыз осы қыздардың жұмысы, еңбегі десе  болады.

– Осы уақытқа дейін біраз бағдарламаны жүргіздіңіз,  жалпы өзіңізге не түйдіңіз? Не үйрендіңіз?

– Күнделікті өмірдің өзі сабақ қой. Әрбір оқиғаны,  әрбір адамның сан түрлі тағдырын көрген сайын түрлі ой түйесің. Таңнан кешке дейін робот сияқты жұмысты ғана ойлағандықтан, бір сәт жүрегің жібіп, жанашырлық сезімің оянады. Көрермендерге де дәл сондай әсер сыйлайтына сенімдімін. Өйткені бұл шоу емес, бұл – адам тағдыры.

– Жалпы карантин сізге қалай әсер етті? Қалай өтті?

– Жақсы әсерін айтар болсақ, қым-қуыт күйбең тіршіліктен адамзат бір уақ тоқтап, біраз дүниені сарапқа салды деп ойлаймын. Қаламызда көлік азайып, біраз уақыт таза ауа жұттық. Балаларымызға көбірек көңіл бөлдік, қасында болдық. Оқымаған кітаптарымызды оқыдық. Әрине, мұндай жағдай енді болмай-ақ қойсын. Осымен індет жойылып, еліміз бұл сынақтан аман шықсын деп тілейік!

–  Көрерменге, оқырманға айтар тілегіңіз бар ма?

–  Еліміз, отбасы-жақындарымыз аман болсын. Әлемді дендеген індеттен бар адамзат аман-сау шықсын. Аман болыңыздар! «Шешімі бар» бағдарламасының жаңа маусымын «Алматы» телеарнасынан тамашалаңыздар!

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!  

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир