|
29.05.2020 | 18:07
5596

Тележүргізуші боламын деп ешқашан ойлаған емеспін – Ақберен Елгезек

«Шынайы Ақберенмен» бағдарламасының жүргізушісі, белгілі ақын

Almaty.tv арнасындағы «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасының жүргізушісі, белгілі ақын, «Жазушылар одағы» төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектен алған сұхбатты назарыңызға ұсынамыз.  

– Сіздің «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасын жүргізгелі біраз болды. «Алматы» телеарнасының көрермендері көріп те, танысып та үлгерді. Тележүргізуші боламын деген ой бұрын болды ма?

– Біріншіден, менің өмірімде бұл алғашқы тәжірибе болды. Тележүргізуші боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Аяқ астынан болды.  Менің туған күнімде «Алматы» телеарнасының «Таңғы студио» деген хабарына шақырған. Туған күніммен құттықтады.  Содан кейін каналдың директоры шақырып жатыр деді. Нұржан Жалауқызы туған күніммен құттықтап,  «Камерадан әдемі көрінеді екенсің, сөзің де орнықты, бізде осындай жоба басталайын деп жатыр, алдын-ала түсірілімге  келіп көрсеңші» деп ұсыныс жасады. Шынымды айтсам,  өзім әдебиеттің адамы болғаннан кейін, басқа салаға кірмеуге тырысамын. Алдын-ала түсірілім жақсы шыққан секілді. Бірден бекітті. Керемет тәжірибем бар деп айта алмаймын. Кейіпкерлерді де бөле жарғым келмейді. Кейіпкердің бәрі маған ыстық. Бәрімен қызықты әңгіме болды. Әрине, досым Мейрамбек Беспаевпен болған әңгімеміз өте сәтті шықты. Екі сағаттай түсірілім болды. Көптеген дүние айтылды. Әрине, эфирдің уақыты оған келмейді. Оның отыз-ақ минутын ғана бердік. Ринат Зайытовпен сондай қызық әңгіме болды. Берік Ысмайылов ағамыз эмоцияға беріліп сөйлеп, екеуіміз ұрсып қала жаздадық. Қызықты сәттер болды. Өзіме қызықты болған сұхбат нейрохирург-ғалым Мыңжылқы Бердіқожа екеуіміз мидың құрылысы, болмысы, әлеуеті туралы біраз сөз қозғадық. Өзім ми туралы ақпаратты көп оқимын. Жалпы өзімнің бірнәрсеге көзім жетті. Кез келген саладан хабары болған адамға жақсы екен. Әр саланың маманымен еркін сөйлесе бересің. Сонымен қатар, жаттанды сұрақтарды қоя бермей, кейіпкердің  ішкі жан дүниесін, толғанысын сыртқа шығаруға тырысасың. Сұхбат сонысымен ерекшеленеді.

– Сұхбат берген кейіпкерлер несімен есіңізде қалады?

–  Ұтымды жауаптарымен есте қалды. Жалтармай айтқан бүкпесіз жауаптарымен есте қалады. Бұл бағдарлама «Шынайы Ақберенмен» деп аталады, сол себепті шынайы сөйлейсіз ғой деп ескертіп аламын.  Уәдесін алып алғаннан кейін, сұрақты төпелеп қоямын. Көп жағдайда шынайы айтады. Арасында жалған сөйлейтін кездері де болғанын жасырмаймын. Адамның қаншалықты шын, қаншалықты өтірік айтып отырғанын түрін-ақ байқап отырасың. Сол кезде әңгімені басқа жаққа бұрып жіберемін. Дегенмен мынадайды алғаш рет көрдік деп әлеуметтік желі арқылы жазып, хабарласып жатқандар көп.

– Барлық кейіпкерлер бағдарламаның түсірілім барысында соңына дейін шындығын айтып, ақтарыла ма? Қалай ойлайсыз?

– Тоқсан пайыз шындығын айтты. Себебі  айтпасына қоймадым. Өйткені бірінші келісімге келіп алам. Бағдарламаның атына заты сай болуы керек. Соған біз ұжым, команда болып дайындаламыз.

– Өзіңіз сұхбат алуға қалай дайындаласыз?

– Бұл студияға келетіндердің көбісін танимын. Көбімен өмірде араласамын. Қай жерде, қандай сұхбатта не айтқанын білем. Сондықтан көпшілік біле бермейтін тың дүниелерді  сұраймын. Сыртқа шығып жатқан кезде «Жаңағы сұрақты саған ғана айтқан едім ғой, оны елдің алдына неге шығардың» деп жатады. Бірақ этикаға жататын нәрселерді ғана сұрайсың ғой. Немесе сұхбатқа келген достарыммен айтып жүрген ортақ әңгіме бар,  оны неге халыққа айтпайсың деп,  тың дүниелерді айтқызуға тырысамын. Қоғам үшін пайдалы, ерекше ойы бар азаматтарды сөйлеткен дұрыс кейде. Әрбір ойда идея жатыр. Әлбетте сұхбатқа дайындаламын, зерттеймін. Көбінесе кейіпкердің өзін емес, айналысып жүрген саласын көбірек зерттеп келемін. Сол туралы сұрағым келеді. Айталық, бір ғалымның өміріне қарағанда ғылыми жұмысы маңыздырақ болып көрінеді. Сол туралы сұрауға тырысамын.

–  Сұхбаттасып отырған кезде көбіне неге мән бересіз?

– Шынайылығына мән берем, эмоциясын бағып отырам. Мысалы,  өтірік айтса, көзін тайдырып әкетіп, қайта орнына әкелуге әрекет жасаймын. Өтірік айтқысы келген адам көп жағдайда қысқа айтады. Шынайы айтса, ол көбірек бояу қосуға тырысады. Детальдарды қосады. Сондай сәттерді ойнатуға тырысамыз. Қайталап айтайын, мен кәсіби тележүргізуші емеспін, бірақ қалай болғанда да адаммен сұхбаттасқанда камерасыз сөйлесіп отырған сияқты жүргіземін. Кейбір сұрақтарым ұнаса, қасы керіледі, бейімделе бастайды. Сол кезде «алтынды тапқан кезде, белден қаз» дегендей, сырын суыра бересің, суыра бересің.

– ТЖ жалпы сіздің жұмысыңызға қалай әсер етті? Сұхбаттарыңызға қалай әсер етті? Мүмкін тақырыптар өзгертілген шығар.

– Екі айда бізде түсірілім болған жоқ. Бірақ біздің кейіпкерлерді жақыннан тануға мүмкіндік болды. Ол кісілер туралы көбірек оқыдық. Айналысып жатқан саласы туралы көбірек білдік. Сұрақтарымыздың да табиғаты өзгерді. Мысалы, карантин кезінде немен айналысып жатырсыз, қандай ғылыми жұмыстармен айналысып жатырсыз, карантинге байланысты шығармашылығыңызда өзгеріс болды ма дегендей.

– Карантиннің  пайдалы жағы болды ма?

– Адамның санасы, ақпараттық  қоқысқа толып кеткен санамыз бір тазарды. Жанымыз тазарған сияқты. Біз туған-туысымыздың, жора-жолдасымыздың қадірін сағыныш арқылы білдік. Еркін жүрудің қадірін білдік. Денсаулықтың қадірін білдік. Тыныш заманның қадірін білдік. Бәріміздің ішімізге алаң кірді. Мен «Мінәжат» деген өлең жаздым. Көптеген шетелдің тіліне аударылды. «Тауым да аман тұрсыншы, елім де аман, маған жау болып жүрген адамдар да аман тұрсыншы» деп, карантин кезінде бәрін жақсы көріп кетеді екенсің. Адамға бір рухани кемелдікке бастаған қызық кезең болды. Әрине, мұның тезірек біткені жақсы. Бәріміз аман болайық. Алматы қаласы да тазарып қалды. Мен өзім тау жақта тұрамын. Бұрын қарағанда үсті қара түтін болып тұратын, қазір алматылықтардың ауласында не істеп жүргенін көруге болады. Талдардың жапырағы қанық бояулы бола бастады. Өйткені фотосинтез үдерісі жүріп жатыр. Күн көбірек түсетін болды. Ана түтінді жарып өткен күннің сәулесінің қуаты қандай? Жоқ, ол азон қабатының бірден түскені қандай деген сияқты. Барлық жағынан пайдалы болды, әрине. Көп нәрсені біз қайтадан анализ жасап, ішкі тазалау жұмысымен айналыстық. Сол жағынан пайдалы болды.

– Сұхбатыңызға қайта оралатын болсақ, алдағы уақытта қандай тақырып қозғайсыз, қандай кейіпкерлермен сұхбаттасу ойыңызда бар?

– Біздің студияға келетін адамдар санаулы ғана. Оның ішінде әртүрлі әншілер, композиторлар, ғалымдар, киім дизайнымен айналысып жүргендер бар, сол себепті көп жаңалық дайындап отырмыз. Тіпті билікте жүрген адамдардың өзінен бір эксклюзив жаңалық шығуы мүмкін.

Көрермендерге, оқырмандарға айтар тілегіңіз бар ма?

– Құрметті көрермендеріме ең алдымен аманшылық, отбасының аманшылығын тілеймін.  Еліміз аман, аспанымыз ашық, Жаратқан ием бейбіт заман нәсіп етсін, шекарамыз бүтін, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Біз сондай бір технологиясы, ғылымы, білімі, мәдениеті жоғары деңгейде дамыған ұлы мемлекетке айналсақ деп тілеймін. Қолымыздан келгенше әрқайсымыз өз саламызға үлес қосуға шақырамын. Әсіресе, жастарды көбірек білім алуға, тіл білуге, шетелге шығуға, басқару өркениетін танып білуге шақырамын. Ұлы Абай насихаттағандай, кемел адам болуға шақырамын.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир