|
31.03.2020 | 22:38
1781

Коронавирус: Алматылық дәрігерлерге жатақхана берілді

Блок-бекет сақшыларына да тегін ыстық тамақ үлестірілді

Almaty.tv

Жұқпалы індетпен күресте алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген алматылық дәрігерлерге жатақхана берілді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі  

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті ақ халатты мамандарға қолдау көрсетіп, тегін бөлмелермен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, блок-бекет сақшыларына да тегін ыстық тамақ үлестірілді.

Алматыда індетпен күресіп жатқан мамандарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасуда. Игі бастамаға бұл жолы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің қызметкерлері мен еріктілер қосылып, «Біз біргеміз» науқаны аясында қаладағы №12 клиникалық аурухана мен перинатальді орталықтың дәрігерлеріне жатақханадан 150 орын бөлген. Қазіргі уақытта 99 маман бөлмелерге орналасып үлгеріпті. Ал, қалған бос орындарға күнделікті 2-3 қызметкерден қосылуда.  

«Біздің орталықтан 58 адам осында тұрып жатырмыз. Қазір менің қасымдағылар күндіз жұмыс істегендіктен, бөлмелерінде жоқ. Мен тәулік бойым істеймін, кеше жұмыстан келдім. Енді 3 күн жатақханада боламын. Бастапқыда қаланың сыртына рұқсат қағазымен өтіп жүрдік, бір ай болады деген. 28-нен кейін қалаға шықпау керек деген соң, осы қаланың ішінде қайтадан рұқсат қағазы берілді. Енді жұмыс пен жатақхананың екі ортасында ғана жүре аламыз», – деді №3 қалалық перинатальді орталықтың акушер-дәрігері Майра МӘМБЕТӘЛИЕВА.

Жатақхана  студенттердің қашықтан оқуына байланысты уақытша бос тұр. Сондықтан дәрігерлерге уақытша жатын орынды осы жерден де беріп жатыр. Ал, қазір мұнда медицина қызметкерлері мен резидентурада білім алып жатқан шетелдік студенттер тұрып жатыр. Олардың денсаулық қауіпсіздігі үшін қатаң режим орнатылып, оқу залдары мен бөлмелерде жиі сәулелендіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жатақхана қызметкерлері тұрғындардың сыртқа шықпауы үшін, азық-түлікті сырттан өздері алдырып отыруды да күн тәртібіне енгізілмек.

«Қазіргі таңда біздің осы жатақханада №12 клиникалық ауруханадағы, мына перинатальді орталықтың медициналық қызметкерлері, мейірбикелері, резиденттер осы біздің жатақханада тұрып жатыр. Жатақханада барлық жағдай жасалған. Күніне 4 рет, 5 рет түгелдей дезинфекция жасалынып отырады», – деді Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, Тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі бөлім басшысы  Сәбит СУАТАЙ.

Қаладағы карантин жағдайына байланысты Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Құлжа тас жолы бойында орналасқан блок-бекетті күндіз-түні күзетіп жүрген сарбаздарға да қолдау көрсетіп, оларды толыққанды түскі аспен қамтамасыз етуде. Ел басына туған ауыр күнде жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен атқарып жүрген бекет сақшыларына наурыз көже, палау, бауырсақ, сондай-ақ, сусындар мен тәттілер тегін таратылуда.

Сарбаздардың патриоттық рухын көтерген бұл науқан қаладағы тағы бірнеше блок-бекеттерде жалғасын тауып, кешкі ас та таратылды. Ал, қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіріп жатқандарға әскерилер алғысын білдірді.  

«Біз наурыз айының 18-нен бастап он екі күн бойы сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін алгаритмге сәйкес қалаға кіру және шығу бақылауын жүзеге асырудамыз. Бүгін № 24 бекеттің блогындағы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне еріктілер келіп, қолдау көрсетіп жатыр. Осындай қиын сәтте бізге көмектесіп, елге қызмет істеуде күш беріп, мотивация сыйлағанына алғысымызды білдіреміз», – деді Бостандық ауданының учаскелік инспекторы, полиция капитаны  Ербол БАЙҒҰТОВ.

Қандай жағдай болмасын алдыңғы шепте жүретіндерге қолдау жасау әр азаматтың паразы дейді ұйымдастырушылар. Олар бірігу арқылы бүкіл кеселді жеңуге болады деген пікір айтты.

Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир