|
28.11.2022 | 16:12
606

Алматы полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресіп жатыр

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан 8 мыңнан астам арыз-шағым тіркелген

Алматы ӨКҚ

Алматыда «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр. Мегаполистің тәртіп сақшылары алдын алу тексерулерін өткізіп жатыр. ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Полиция департаменті өкілдері науқанның негізгі міндеттерін атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ӨКҚ-ға сілтеме жасап.

Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Диас Дуанбековтың айтуынша, полицияға күн сайын 10-15 арыз түседі, бірақ зорлық-зомбылық құрбандарының бәрі бірдей көмекке жүгінбейді. Көп жағдайда жанжалдар полиция қызметі келгеннен кейін шешіледі немесе одан ары істің мән-жайы анықталмай жатып, берген арыздан бас тартып жататын жағдайлар кездесіп жатады. 

«Полицияның негізгі рөлі - қылмыс пен ауыр зардаптардың алдын алу. Алдын алу Қазақстан Республикасындағы заңнаманың негізгі тұтқасы болып табылады. Әкімшілік және алдын алу шаралары сияқты барлық әдіс-тәсілдер бар. Көп жағдайда жәбірленушілер отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзеді, бұл көбінесе қайғылы салдарға әкеледі. Мәселен,  бір әйелдің тұрмысқа шыққанына 9 жыл болған, екі баласы бар. 7 жыл бойы күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген ол полициядан көмек сұрап көрмеген.  Ауыр дене жарақатын алғаннан кейін ғана полицияға арызданған», — дейді Диас Дуанбеков.

Спикер әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдап жүре бермей, қысылмай көмек сұрауы керектігін еске салды. 

ПД өкілі зорлық-зомбылық құрбаны арызданып келген жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтты.

«Біз келіп, құқықбұзушыққа қатысты мән-жайды анықтаймыз. Күш көрсетіліп, денеге зақым келтірілсе, денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғаймыз. Егер бұл қарапайым ұрып-соғу болса, оған тиісті жаза қарастырылған. Егер мұндай фактілер тіркелмеген болса, бірақ жай ғана жанжал болса, онда біз агрессормен тиісті жұмыс жүргіземіз. 10 тәулікке дейін қамау түрінде жазалау қарастырылған. Біз оларды есепке алып, бір ай бойы оның өзін қалай ұстайтынын бақылаймыз», - дейді ол.

Айта кетейік, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан 8 мыңнан астам арыз-шағым тіркеліп, оның 20 пайызы жауапкершілкке тартылды. Қалған жанжалдар полиция қызметкерлерінің  келуімен реттелді. 7 мың адам профилактикалық есепке алынды.

Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ақбота Әбілқасымованың айтуынша, дағдарыс орталықтары да белсенді түрде атсалысып жатыр, онда құқықтық кеңестер мен психологиялық көмек көрсететін сенім телефондары жұмыс істейді. 

«Полицияға жүгінген тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына біз олардың конституциялық құқықтарын қорғау үшін барлық шараларды қолданып жатқанымызды атап өткім келеді. Бірақ кейде әйелдер психологиялық және әлеуметтік көмеке де зәру, біз оларды зорлық зомбылық құрбандарына көмек көрсететін дағдарыс орталықтарына жібереміз. Көптен бері «Жансая» мемлекеттік паналау орнымен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Ол жерде 50 төсек бар, ол барлық стандарттарға сай. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге де толыққанды әлеуметтік қолдау көрсетіледі», - деді Ақбота Әбілқасымова.

Одан бөлек, волонтерлар да полицейлерге белсенді көмек көрсетеді. Олар «Тұрмыс», «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жол», «Бақытты отбасы» сияқты жедел алдын алу шараларына қатысады. 

«Алматыда волонтерлар көп. Олар «Жансая» және «Аналар үйі» дағдарыс орталықтарына көмектеседі. Еріктілер түрлі іс-шараларға қатысады. Олар Абылай хан даңғылы, 79 мекенжайында орналасқан. Ол жерге түрлі арыз-шағымын айтушылар барады», - дейді Алматы қаласы ПД Алмалы аудандық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ларида Сламджанова.

Брифинг соңында спикерлер егер отбасындағы зорлық-зомбылық жайлы сізге белгілі болса, болмаса, өзіңіз қандай да бір зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыз, ол туралы жасырудың қажеті жоқ екенін еске салды. 

Полицияға «102» нөмірі бойынша жүгіну керек.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир