|
13.12.2019 | 15:01
1603

АҚШ-тан оралған Димаш Құдайбергенді жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды

Әншіге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді

Димаш Құдайберген Нью-Йоркте өткен жоғары деңгейдегі концертінен кейін Қазақстанға ұшып келді. Әншіні әуежайдан жүздеген жанкүйері қарсы алды. Бірнеше сағат бойы тағатсыздана күткен тыңдармандары құрмет көрсетіп, естелік суретке түсіп, қолтаңба алып қалуға талпынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар қазақтың брендіне айналған Димаштың әндерін шырқап, оның өнеріне деген махаббатарын танытып жатты. Тіпті сыйлық алып келген жанкүйерлері де болды.

«Мына «Алтын адам» шапанын Димашқа сыйға тартпақшымыз. Бүкіл қазақстандықтардың және өзіміздің ата-анамыздың атынан. Димаш, саған ақ жол тілейміз. Өнерде бұдан биік шыңдарға шыға бер!», – деді күтіп алушылардың бірі.  

Айта кетейік, мұхиттаң ар жағында өткен Димаштың концертіне 60-тан астам мемлекеттен әртүрлі ұлт өкілдері келген. Олар еліміздің туын ұстап, Қазақстанға, дарын иесіне үлкен құрмет танытқан. Тіпті, «Дайдидау», «Елім менің» секілді әндерді қосылып шырқаған.

«Қазақстанның туын жалаулатты. Біз үшін үлкен мақтаныш, жанымызға қуат берген сәт болды. Сондықтан елімізге, өнерімізге деген құрмет, біздің қазақ халқының әндеріне деген құрмет, мемлекетімізге деген құрмет, соның барлығы өте құрметті іс. Біз үшін үлкен бақыт! Бұл тек қана біздің бір баланың ғана емес, тұтас қазақ елінің мерейі деп түсінеміз», – деді Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат АЙТБАЕВ.

Естеріңізге салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қазақтың атын айдай әлемге паш еткен Димаш Құдайбергенге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген еді. Ал, төсбелгіні ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир