|
02.02.2023 | 21:36
2120

Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев 75 жасқа толды

Әнші демалыс күндері концерт қойып, халық алдында есеп бермек

Photo : Алтынбек Қоразбаевтың жеке архивінен

Ән әлемінің Алтынбегі бүгін – 75 жасқа толды. Қайраткер алдағы демалыс күндері халық алдында есеп бермек, деп хабарлайды Almaty.tv. 

«75-ке келсем де Қызылсай ауылым, бала кезім айына бір түсіме кіреді» деп бастады әңгімесін сазгер. Әншінің өткеніне өкпесі жоқ. Халықтың алғысына бөленген Алтынбек Қоразбаевтың өнерден ойып алар орны бөлек. Оның шығармашылығында қазақ халқының басынан кешкен тауқыметі өзіне лайық бейнесін тапқан. Өткен ғасырда елге тез тараған «Қара шал», «Қара кемпір», «Қара пима» әндері сөзімізге дәлел.

«Немене сонша мұңлы ән жазасың? «Қара кемпір, қара шал, қара бала деп жылайсың» деген әңгіме  болған. «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылған. Сонда «Айналайын халқым, Қоразбаевқа рахмет! Қазақтың «Елім-ай» деген мұңды әнінен кейінгі орында Алтынбектің «Қара кемпір» толғауы тұр» деп Хамит Ерғалиев атамның айтқаны бар. Сол кісі айтпақшы, мен енді өкінбеймін. Елім аман», – деді композитор, ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.

Алтынбек Қоразбаевтың ел жадынан өшпейтін әндері жетерлік. «Айхай-25», «Үшқоңыр», «Қоштасудың қиыны-ай», «Сырғалым», «Сағындым Алматымды» секілді туындылары тыңдарманды әлі күнге елітеді.

«Сағынышқа толы, лирикалық әндер. Сұлу қыздар, махаббат туралы әндері елге танымал. «Сағындым Алматымды» деген әнін қыздардың ішінде ең бірінші домбырамен мен орындағам. Бұл ән тарихта қалады. Алматыда жастық шағы, студенттік кезеңі өткен барлық адам осы әнді айтып отырады», – деді әнші, ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісова.

«Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті болу – жәй ғана ән айту емес, жүгі ауыр аманат» дейді Тоқтар Серіков. Өнерде жүрген шәкірті көп. Алайда Мейрамбек пен Тоқтарды егіз қозыдай ерекше өсіріп, өнерге баулығаны баршаға аян. Сазгерді елі «Сары бала» деп еркелетсе, ізбасарлары «екінші әкем, көкем» деп сыйлап, құрметтейді.

«Үлкен бір көштің жалғасы. Ол кісілердің арғы жағында біріншіден Сүйінбай тұр. Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл, Жамбыл Жабаев атамыздың шәкірті Кенен Әзірбаев, Кенен Әзірбаевтың шәкірті Алтынбек Қоразбаев. Сара жолды жалғастырушы. Көкемнің  шәкірттері ұлы көштің жалғастырып келе жатқанымызға қаныштымыз», – деді әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Тоқтар Серіков.

«Әкемдей жақсы жолды көрсетті. Мен бала күнімнен қасында жүрмін ғой. Бір баласы болып өстім. «Ең мықты атақ – Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті» деп Тоқтар айтып еді, үйренеріміз әлі де көп», – деді әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев.

Композитор «өнер адамдары адалдықты сақтаса» дейді. Өйткені жүректен шықпаған дүние жүрекке жетпейді.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир