|
16.09.2019 | 12:30
1413

Пойыз апаты: балалар комада жатыр, кінәлі 7 жылға сотталуы мүмкін

Екі бала жабық бас сүйек-ми жарақатын алды, 33 жастағы әйелдің миы шайқалған

Шамалғандағы пойыз апатынан жарақат алған балалар комада жатыр. Бұл туралы Sputnik  Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарасай аудандық ауруханасында 33 жастағы әйел, үш және бес жастағы балалар жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

«Қазір олар жансақтау бөлімінде. Әзірге зардап шеккендердің жағдайы өзгерген жоқ», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

2016 жылы туған бала жабық бас сүйек-ми жарақатын алды, оның миына ауыр дәрежеде зақым келген және сол жақ өкпесі жарақаттанған.

2014 жылы туған балаға да жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, миына ауыр дәрежеде зақым келген деген диагноз қойылды, маңдай-самай сүйегі сынған. Ол да комада жатыр.

Дәрігерлер 1986 жылы туған әйелдің өмірі үшін күресіп жатыр. Оның миы шайқалған, сондай-ақ оң жақ иық сүйегінің төменгі бөлігі сынған. Бұғанасы мен жауырынын жарақаттаған.

«Бірінші дәрежелі травматикалық шок алған, жан сақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 15 қыркүйек сағат 19.08-де Алматы-Шамалған аралығындағы реттелетін теміржол өткелінде № 43 Алматы-Қостанай пойызы «Сетра» жолаушылар автобусымен соқтығысты.

Апат салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды, үш жолаушы ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөлігі «Теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігімен жүру немесе пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұл бап бойынша кінәлі жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.  

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир