|
16.09.2019 | 17:58
2372

Шамалған стансасында орын алған оқиға: жаңа деректер пайда болды

Ашуға булыққан бұқара көпірдің тез арада салынуын талап етті

Тірі қалған жолаушылардың сөзінше, апаттан бірнеше минут бұрын салондағы әйел адам диспетчерлік қызметке хабарласып, шлагбаумды ашуды өтінген. Алайда, мамандар бас тартыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүргізуші де сасқалақтағаннан есіктерді аша алмай қалған көрінеді. Жолаушыларға өз бетінше терезеден секіруге тура келген. Жантүршігерлік апаттан бір адам қаза тауып, үшеуі ауруханада жатыр. Оның екеуі бала.

Куәгерлер  түсіріп алған жан шошырлық кадрларда бірнеше вогонды тіркеп алған пойыз қоғамдық көлікті жоғары жылдамдықпен қақ ортасынан қағып кеткенін көруге болады. Соның салдарынан бір адам қайтыс болып, бірнеше жолаушы ауыр жарақат алған. Жеткіншектің біреуіне ота жасалды. Келесісі ауыр халде дейді дәрігерлер.  

Куәгерлер түсіріп алған тағы бір кадрде абдырап қалған адамдар пойыз бен автобустың арасында тірі қалғандарды іздеп жатыр. Жерде тағы бірнеше адамның жатыр. Біреуі сол жерде жан тәсілім еткен.    

Апаттан аман қалғандардың айтуынша, соңына дейін автобустан жолаушылар шығып үлгереді деп сенген. Салонда оннан астам адам болыпты. Пойыз соққан кезде жүргізуші және екі бала мен анасы автобуста қалып қойған. Ресми мәліметке сай, Алматы - Қаскелең бағыты бойынша қатынайтын автобус жүргізушісі дабылға қарамастан теміржолға өтіп кеткен. Өз беттерінше қашып құтылғандар, жүргізушіге бірнеше рет есікті аш деп бұйырғандарын айтады. Алайда, ол естімеген сыңай танытқан.

«Артында отырдым. Автобус лық толы болды. Жүргізуші келді. Алдында да, артында да көліктер тығылып тұрған. Шегінерге жол қалмады. Сасқалақтап қалған жүргізуші тіпті есікті де аша алмай қалды ғой. Анадай жерден пойыздың жарығы келе жатты. Бәріміз автобустың ішіндеміз. Жүрегіміздің қалай ұшқанын айтып жеткізу мүмкін емес. Бір көпір салмаса болмайды», – деді жолаушы.

Құтқарушылар келгенше, жақын маңдағы жүргізушілер апатқа ұшыраған автобустың ішін өздері аралап, көлікті алып тастамақ болады. Алайда техниканың көмегінсіз оны орнынан қозғау мүмкін болмады. Ал, жергілікті халық осы өткелге көпір салып беруді бұрыннан сұрай-сұрай зәрезап болғандарын айтады. Адам өлімімен аяқталған осындай оқиға бірінші рет емес. Соңғы 2 жылда осы жерде 5 адам жан тапсырған.

«Бұл жерде күнде ұзын сонар көлік кептелісі болады. Автобус қызыл түске өтіп үлгерем деп ойлаған болуы керек. Алайда осы жолы өздеріңіз көріп тұрғандай сәтсіздікпен аяқталды. Мұнда көлік жүргізушілері әдетте солай істейді. Шлагбаум жабылғанша, рельстен өтіп кетем деп ойлайды. Бірінші және соңғы рет болып тұрған жағдай емес», – деді ауыл тұрғыны  Сергей ЗОЛАТОРЁВ.

«Бұрын адамдарды қағып кететін. Енді автобустарға көшті», – дейді тұрғындардың бірі.

«Әр кеш сайын осындай жағдай, көліктер өте алмай, лық толып тұрады.  Көлік тығыны 6 сағат болды», – дейді екіншісі.

«Бала шағамызбен тығында тұрамыз. Таңертең және кешке қорқамыз. Дәл мына жағдайда бір шара қолданбаса болмайды ғой», – дейді ашынған тұрғын.

Апат болған жерге бірнеше сағаттан кейін жүздеген адам жиналды. Олар құтқарушылар келгенше автобусты өз беттерімен орнынан қозғауға тырысты.

Оқиға орнына келген Қарасай ауданының әкімі жұртты сабырға шақыруға тырысты. Алайда ашуға булыққан бұқара көпірдің тез арада салынуын талап етті. Амалы қалмаған аудан басшысы тұрғындарға сейсенбі күні жобаны көрсетемін деп уәде берді.

«Бір күнді белгілейік. Мына жігіт «қай күні келесің?» деп сұрайды. Мен сейсенбі күні сағат 10-да келетінімді айттым. Қай жерге келу керектігін сіздер айтыңыздар.  Әкімшіліктің алдына десеңіздер, сонда жиналайық», – деді Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВ.

Жандарбек Далабаевтың Қарасай ауданына әкім болып тағайындалғанына бір жыл болған. Аталған мәселеден хабардар екен. Ол сейсенбі күні әкімдіктің алдында азаматтарға жоспарды көрсететін болды.


Өмір Әнуарбек Жанат Айтенова Мұрат Тайжанов Алматы телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир