|
18.10.2019 | 12:45
4725

2020 жылы үй бағасы 15 пайызға қымбаттауы мүмкін

Елімізде ең арзан пәтер Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр, ол 7,5 миллион теңге

Тұрғызылып жатқан тұрғын үйлердің өзіндік құнын тек мемлекеттің қолдауымен арзандатуға болады. Құрылысшылар одағынының өкілдері осылай деп отыр. Айтуларынша, Үкімет комуникациялар тартуға қаржы бөлсе, түйткіл шешімін табады екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  үй көтеру барысында құрылыстың өзіндік құнын біртіндеп азайтуды тапсырған еді.

Елорданың қақ ортасында орналасқан үйге Айдана Нокина 5 жыл ақша жинаған. Алайда, қолындағы 13 миллион теңгесіне тек қайталама үйден, оның үстіне бір бөлмелі пәтер ғана тиеді деп отыр. Ал жаңа тұрғын үйді тек армандаумен отырмын дейді.

«Білмеймін, 13 миллионға қала шетіндегі пәтер ғана тиетін шығар. Менің жұбайым, үш балам бар. Сондықтан бір бөлмелі пәтерге сыймаймыз. Екі бөлмелілер 15 миллионнан басталады. Оның өзі шалғай жатқан аудандарда. Ал жаңа тұрғын үйден алу мүлдем мүмкін емес. Сатып ала алмай жарты жыл жүрмін», – деді Айдана НОКИНА.

Жаңа пәтерлердің бағасы у-дай екенін тәуелсіз бағалаушы Ерлан Қарысбаев та айтып отыр. Олардың құнын салушылар тағайындайды. Ал, оған делдалардың сомасын қосыңыз. Салдарынан қайталама тұрғын үйлердегі пәтерлердің құны да жасанды түрде қымбаттайды.  

«Крыша сайтын алайық. Салушылардың жарнамасын қарайды. Жоғары бағасын көріп, дәл сондай баға қояды. Үйдің ескі екеніне қарамайды. Мысалы, салушыда 12 миллион теңге деп тұр. Өзінің 8 миллиондық пәтерін 12 миллион қылып қояды», – дейді тәуелсіз сарапшы Ерлан ҚАРСЫБАЕВ.

Жақында экономикалық мәселелер бойынша өткен отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын біртіндеп арзандатуды жүктеді. Алайда, бұл тұрғызылып жатқан тұрғын үйлердің сапасына айтарлықтай әсер етеді дейді мамандар. Тәуелсіз риэлтор Галина Воробьеваның пайымынша, салушылар баспаналарды арзанқол материалдармен көтере бастайды.  

«Тұрғын үйдің бағасы материалдар арзан болған жағдайда қолжетімді бола түспек. Үйлер неліктен қымбаттап кетті? Себебі материалдардың құны тым жоғары. Құрылысшылардың жалақысы да аз. Еңбекақылары жақсы болса, материалдарды ұрлап-жырламаушы еді», – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы Галина ВОРОБЬЕВА.

Ал құрылысшылар одағының төрағасы Қазақстанда тұрғын үй құрылысындағы шығынды азайтуға болады деген пікір айтады. Бірақ бұл тек мемлекет инженерлік жүйелер мен коммуникациялар тарту шығындарын өзіне алған жағдайда мүмкін болмақ.

«Бағасын төмендетуге болады, әрине. Егер инженерлік жүйелерді тарту жұмысын салушы емес, мемлекет өзіне алса. Бұдан бөлек, құрылыс саласында жақсы бәсекелестік болуы қажет. Жеткізушілер бәсекелесіп, материалдардың құнын төмендетсе, түйткілді шешуге болады», – дейді «Қазақстан құрылысшылар одағының» төрағасы Талғат ЕРҒАЛИЕВ.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі әйгілі сайтардың бірінің жүргізген талдауына сәйкес Алматы қаласында эконом-класстағы бір бөлмелі пәтер 11 миллион теңге тұрады. Еліміздің батысында 9 миллионнан басталса, солтүстікте 9 жарым миллион теңге. Ең арзан баға Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр. 7,5 миллион теңге. Ең қымбат пәтерлер Нұр-Сұлтан қаласында. Мұндағы бағалар 13 миллион теңгеден басталады.    

Халықтың сатып алу төменділігіне қарамастан, тұрғын үйдің бағалары жылдан жылға қымбаттап отыр. Мұндай динамика еліміздің барлық 14 өңірінде байқалады. Сарапшылардың болжамынша, келер жылы жаңа баспаналардың құны тағы шамамен 15 пайызға жоғарылайды. Бұған доллар бағамы, құрылыс және жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы да себеп болып отыр.  

Салтанат Нысанбекова, Назгүл Талипова, Әли Мұхтаров, «Алматы телеарнасы»

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир