Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан ағай Жүнісбек өмірден озды. Қаралы хабарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғалымның коронавирус індетінен қайтыс болғанын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан Almaty.tv тілшісіне растады.
"Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы қара жамылды. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, аяулы ағамыз Әлімхан Жүнісбек дүниеден озды. Алла Тағала ағайдың рухын пейіште шалқытсын, жаны жаннаттан болсын! Баршаңызға қайғырып көңіл айтамын...", – деп жазады ол.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек 82 жасында өмірден озды.
Әлімхан Жүнісбек 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы, Шәуілдір ауданы (қазіргі Отырар ауданы), Қарғалы аулында дүниеге келген. 1958 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шығады.
Университет бітірісімен ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының (қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) Фонетика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1967 жылдары А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Санкт-Петербург университеті) акад.Л.В.Щерба атындағы Фонетика лабораториясында тәлімгер-зерттеуші болып өткізеді.
Ленинград университетінің профессоры Л.Р.Зиндердің ғылыми жетекшілігімен 1969 жылы «Қазақ тілінің дауысты дыбыстары» атты тақырыпқа филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 1989 жылы «Түркі тілдеріндегі сөз просодикасы және қазақ тіліндегі сингармонизм» атты тақырыпқа филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шығады.
1999 жылы профессор ғылыми атағын алады.
Профессор Ә. Жүнісбек - қазақ тілтанымында өзіндік орны бар ғалым. Теориялық тілтанымдағы жылдар бойы сіресіп қалыптасып қалған «еуропаөзімшіл» (европацентристік) бағытқа қарсы алғаш көтерілгендердің бірі болды. Қазақ тіліндегі (түркі тілдеріндегі) практикалық (фонетикалық) таным деңгейінен аса алмай келе жатқан үндесім (сингармонизм) құбылысының теориялық зерттелімін бастап, сингармология теориясының негізін қалады. Мұның өзі қазақ тілтанымының фонетика саласындағы күрделі өзгерістердің басталуына себеп болды. Сингармонизм теориясын жалпы лингвистикалық (общая лингвистика) деңгейге көтерді. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттеудің әдістері мен ғылыми аппараты түбегейлі өзгерді.
Қазақ тілінің жасалым негізінің (артикуляциялық базасының) үлгісі (моделі) мен оның сипаттамасын түркі тілтанымында алғаш рет ұсынып отыр. Соның нәтижесінде қазақ тілі дыбыстарының үндесім және үйлесім айтылымының толық артикуляциялық қорын жасады. Қазақ фонетикасының толық төл атаулар (терминдер) сөздігін құрастырды. Сөздіктің ерекшелігі – үнді-еуропа тілдерінде жоқ, қазақ (түркі) тілінде бар фонетикалық құбылыстарға (ұғымдарға) жаңадан атаулар беріліп, олар сөздік тізбесіне көптеп енгізілген. Көп жылғы зерттеулерінің нәтижесі «Қазақ фонетикасы», «Введение в сингармоническую фонетику» және «Сингармология» деген атпен баспадан шықты. Академиялық «Қазақ грамматикасының» авторларының бірі.
Ғалым қаламынан 150-ге тарта ғылыми еңбектер, 15 шақты әдістемелік және оқу-құралдар жарияланып, қазақ тілінің көрнекі ойын-құралдары құрастырылған, ғылыми жетекшілігімен 2 ғылым докторы және 10 ғылым кандидаты дайындалған. Қазақ тілінің өзекжарды мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында ойын білдіріп, пікір-сайысқа араласып, «дөңгелек үстелдерге» үзбей қатысып жүрді.
Профессор Ә. Жүнісбек – әр жылдары Халықаралық ИНТАС қорының (бұрынғы Кеңес республикаларының ғалымдарына көмек қоры), Халықаралық «Сорос-Қазқстан» қорының (үш дүркін), Аджип ККО компаниясы гранттарының иегері болған.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, ал 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ә. Жүнісбек Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастап, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жалғастырып, қазіргі кезде бас ғылыми қызметкер дәрежесінде ғылыми зерттеуін жалғастырды.