|
11.09.2019 | 17:59
2876

Бір оқпен екі қоян: нұр-сұлтандық оқушылар тамаққа көлік картасымен төлей алады

Терминалдар әзірге 40 мектепке қойылды

Баланы бақылаудың жаңа түрі пайда болды. Нұр-Сұлтандық мектеп оқушылары асханадағы тамаққа көлік картасымен төлей алады.  «Мектептердегі ақшасыз есеп айырысу» жобасы аясында жасалған әмбебап картаның игілігін алғашқылардың бірі болып елордадағы №67 гимназияның оқушылары көруде. Олар енді қоғамдық көлік ақысын төлеп қана қоймай, асханадағы түскі асын да осы картамен сатып алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

7-сынып оқушысы Әлижан Хайролаев әмбебап картаны қолданушылардың бірі. Айтуынша, осыған дейін көп оқушылар ата-анасы мектепке берген ақшаны дүкендегі тәттілерге жұмсап келді. Ал бұл картамен енді тек ыстық тамақты ғана сатып ала алады. Оның үстіне қауіпсіздік жағынан да қолайлы дейді.

«Үйдегілер қолға ақша беруге қорқады. Өйткені біреу ұрлап немесе жоғалтып алуым мүмкін ғой.  Ал осы карточка тиімді және қолдануға оңай», – дейді 7-сынып оқушысы Әлижан ХАЙРОЛАЕВ.

Ата-аналар енді баласының қандай тамақ  жеп жатқанынан да хабардар бола алады. Олардың тіпті бауыр еті баласының ас мәзірін де қадағалауына мүмкіндік жасалған. Ол үшін «Balapay» немесе «FeebMe» сайттарына тіркеліп, қадағалай алады. Мәселен, «www.balapay.kz» сайтына кіріп көрелік. Мұнда ата-аналарға деген бөлім бар. Олар жеке кабинетке кіріп, баласының ас мәзірін құра алады. Ал егер де баласының қандай да бір өнімге аллергиясы болса, оны мәзірден алып тастауға болады.

«Бұл карточкалық жүйенің ата-аналар үшін тиімділігі балаларына күнделікті асханаға беріп отырған қаржысын қадағалауға мүмкіндіктері бар. Мысалы, балаға ата-ана 1000 теңге беріп, күніне 300 немесе 350 теңгеден лимит қоя алады. Балалар соны ғана қолданады да, қалған ақша карточкасында қалып отырады», – деді гимназия директоры Гүлжанат АСАНҚЫЗЫ.

Аталған жүйені «Қазғылым» ғылыми орталығының мамандары жетілдірген екен. Айтуларынша, оның бірнеше тиімді тұсы бар. Саралап көрсек. Біріншіден, қауіпсіздік. Қолма-қол ақшаның қолда болмауы қауіпсіздікті жоғарылатады. Екіншіден, тазалық. Балалардың тиын санап, ақша ұстауына қажеттілік жоқ. Бұдан бөлек, қызмет көрсетудің жылдамдығы артады. Және төртіншіден, ата-аналардың бақылауы да күшейтіледі.  

Айта кетер тағы бір тұсы, ата-аналарға ыңғайлы болу үшін елордадағы мектептерге міне дәл осындай арнайы терминалдар қойылған. Олардың арқасында тек уақытты емес, қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік бар. Себебі картаға құйылған  ақшадан  комиссия ұсталмайды.

«Бұндай терминалдар әзірге осы жүйе бойынша жұмыс істеп жатқан 40 мектепке қойылды. Бұл мақсатта 100 миллион теңге жеке инвестиция тартылды. Карточкалар 6-15 жас аралығындағы оқушыларға тегін үйлестіріліп жатыр. Сондықтан аталған жоба ата-аналар үшін тиімді деп санаймын», – деді «Қазғылым» ғылым орталығының коммерциялық директоры Әсет ОТАРБАЕВ.

Маманның айтуынша, бір карточканың ішінде екі шот болады. Яғни ата-ана бір шотқа ақша салып, баласына қоғамдық көлікке төлеуіне мүмкіндік береді. Ал екінші шотқа тамаққа қажетті қаржыны салады. Карточканың тағы бір жақсы тұсы келесідей.

«Жеке мобильдік қосымша арқылы кіріп, баланы мектепке кірді ме, шықты ма, соның бәрін қарап отыруға мүмкіндік бар. Бүгінде осындай бір гибридный карточканың түрі пайда болып жатыр», – деді «Астана Lrt» ЖШС басқарушы директоры Дәурен НҰРАЛИЕВ.

Бүгінде №67 гимназия турникеттік жүйеге өтуге сақадай сай. Жақын күндері осы ретте ата-аналармен жиналыс өткізіп, жүйені пайдалану жағынан түсіндіру жұмыстары жүргізілмек

Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир