|
21.06.2019 | 18:11
3431

«Ата-ана салғырттығы»: елімізде суға батып қайтыс болған балалар саны 3 есеге дейін артқан

Былтырғы жарты жылда - 15, биыл 46 бала суға ағып кеткен

Елімізде суға батып қаза табатындардың саны көбейіп кетті. Шомылу маусымы басталмай жатып, тілсіз жаудан жүзге жуық адам ажал құшқан. Оның 46-сы балалар. Құтқарушылар суға батқан кішкентайлардың көбісі қараусыз қалған деп отыр. Демалушыларға ұсынылған жағажайлар қауіпсіз бе және қандай орындарда шомылуға болмайды? Бұл мәселені «Алматы» телеарнасының тілшісі Айдана Мейрамбайқызы зерделеп көрген болатын.

Суға кетіп қаза табатындардың саны елімізде жыл сайын көбеймесе, сиремей тұр. Осылай деген құтқарушылар қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қою керек деп дабыл қағуда. Дабыл қағатындайы да бар, биыл жарты жылдың ішінде еліміздегі су қоймаларында 98 адам суға батып көз жұмыпты. Былтыр алты айда 15 баланың ажалы судан келсе, биыл олардың саны 46-ға жеткен.

Ересектер көп жағдайда спирттік ішімдік ішіп суға түскеннен кейін тұншығып қайтыс болады екен. Сондай-ақ, қайықты пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан да ажал құшатындар аз емес. Әсіресе, өз күшіне сеніп алысқа малтығандар қайғылы жағдайға жиі тап болатын көрінеді. Сондай-ақ, қараусыз қалған балалардың суға батып өлу дерегі де көп тіркеледі.

Статистика бойынша, жеткіншектер Түркістан, Алматы, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі суға кетеді екен. Мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін биыл жағажайларда қауіпсіздік жұмыстарына көп көңіл бөлінген.

«Алматыда 4 орында ғана шомылуға рұқсат берілді. Атап айтсақ, Үлкен Алматы каналының жағасындағы «Прахач, «Гүлдер» және «Роща Баума» шомылу алаңдары бар. Сонымен қатар, Сайран көлінің қос жағалауы Алмалы мен Әуезов аудандарына қарайды, осы орындарда шомылу қауіпсіз», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Мұрат ЖЕКСЕНБАЕВ.

Су – тілсіз жау. Сақтық шараларын сақтамаса, қапыда қайғы әкелуі ғажап емес. Алматыда шомылуға рұқсат етілген аумақтардың барлығында қауіпсіздік күшейтіліп, құтқарушылар күндіз-түні тынығушыларды бақылап тұр. Мәселен, алматылықтардың демалуға ең көп келетін жері – Сайран көлі. Мұнда 5 құтқарушы көлді екі жағынан күзетуде. Олар суда жүзу ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

«Ережелері көп емес. Мәселен, жүзіп жүрген қайықтың үстінде тұруға болмайды. Суға мас күйде шомылуға да тыйым салынған. Рұқсат етілген аймақты қызыл белгілермен қоршап қойғанбыз, содан әрі асып кетуге болмайды. Асып кетсе алдыменауызша ескертеміз, тыңдамаса қайықпен жанына жетіп барамыз. Алыс кетіп қалсаңыз, жағаға қайтуға шамаңыз жетпей қалуы мүмкін», - дейді құтқарушы Самат СЕЙСЕНОВ.

«Осы айда біздің құтқарушылар Сайранда 7 жасар қызды құтқарып қалды. Ол өзінің 11 жастағы әпкесімен келіп, жағажайда қараусыз ойнап жүрген екен. Бір уақытта жүрмей тұрған катерден суға секіріп, батып кете жаздады. Құтқарушылардың шалт қимылының арқасында бүлдіршін аман қалды. Құтқарушылар жыл бойы физикалық дайындықтан өтеді, күші мығым, мықты малтиды», - дейді Алматы қаласы Құтқару қызметі баспасөз қызметінің жетекшісі Гаухар НӨКЕРБЕКОВА.

Алматылықтар Қапшағай су қоймасына да шомылуға жиі барады. Бұл туристік орталық адам қазасы көп болатын жерлер тізіміне кіреді екен. Былтырғы шомылу маусымында ондағы жағажайларда 23 адам суға батып өлген. Оның басым көпшілігі рұқсатсыз салынған жағажайда шомылыпты. Сондықтан, мамандар биыл Алматы облысында тынығушыларға тек 11 жағажайды қауіпсіз деп белгілеп отыр. Олардың қатарына Қапшағай су қоймасының 7 аумағы кіреді.

«Былтыр Қапшағайға шомылуға 500 мыңнан астам адам келді. Биыл да аз болмайды, болжаммен 600-650 мың адам келуі тиіс. Сондықтан демалатын орындардың дайындығын 100 пайызға бекіттік. 25 құтқарушы жағажайларда жұмыс істейді», - дейді Алматы облысы Капшағай қаласының әкімі Талғат ҚАЙНАРБЕКОВ.

Мамандар тек рұқсат етілген аймақтарда шомылу қажеттігін айтып, қанша жерден дабыл қаққанымен, тұрғындар қалтаға тиімді жағын ойлайды. Көпшілігі ақша үнемдеу үшін тегін, яғни «жабайы» жағажайларда шомылады.

- Тегін болғандықтан келеміз. «Гаваи» секілді демалыс орындарында әр балаға 6 мыңнан, ересектерге 7 мың теңгеден алады. Біздің қалта көтермейді оны, сондықтаносында келеміз.

- Бассейнге бару қымбат. Сондықтан Сайранға келіп, тегін шомыламын. Қазір су да, жағадағы құм да тап-таза. Бірақ, киім ауыстыратын кабиналар жоқ, бәрін қиратып тастаған.

- Сайранда шомылу тегін, тегін жағажай. Бұл әрине, біз үшін жақсы, - дейді Сайран көліне шомылып жүрген алматылықтар.

Десе де, суға түсу қауіпсіздігі туралы ережені естен шығармаған абзал. Мәселен, дене ыстығы көтерілген кезде мүлдем шомылуға болмайды. Сондай-ақ, тамаққа тойып алып немесе ішімдік ішіп суға бірден сүңгіген адамның қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан, ақ халаттылар денсаулыққа мән беруге шақырып отыр. Ал, суға батқан адамға жедел-жәрдем жеткенше алғашқы көмек көрсету қажет. Ес-түссіз жатқан адамның әуелі тыныс алу жолдарын ашып, жүректі жанамалай уқалаған жөн.

«Созылмалы аурулары бар, тырыспасы бар аурулар, эпилепсиясы бар аурулар, бас миында ақауы бар аурулар, созылмалы өкпе және жүрек жетіспеушілігі бар науқастарға суға түсуге болмайды», - дейді Алматы қаласы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Ермек ЖЕЛДІБАЕВ

Синоптиктердің айтуынша, биыл шілдеде күн қатты ыситын көрінеді. Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градусқа дейі ысиды. Демек, өзен-көлдерге қарай тынығуға ағылатындар саны да арта түседі. Сондықтан, мамандар отандастарымызға барынша сақ болып, қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған жөн дейді.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир