|
17.07.2019 | 18:19
2012

Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулілер жұмыс істейтін кафе ашылды

Кафеде жұмыс істейтіндердің дені – жастар әрі 3 топтағы мүгедектер

Елордалық дәрігер кафе ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Осылайша өмірінен әбден күдер үзген 11 адамның үміт оты қайта тұтанған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Олар осы жұмыстары арқылы кедергісіз қоғамның не екенін түсінгендерін айтады. Дәрігердің осындай әлеуметтік бизнеске ден қоюына ет жақынының қиындыққа тап болғаны түрткі болған.

Азамат Базылов елордадағы онкологиялық орталықта анестезиолог дәрігер болып жұмыс істейді. Кәсіпті ашу үшін жары екеуі несие алыпты. Айтуынша, кафені ашуына жұмыстағы әріптестері де қол ұшын берген. Ал оның әлеуметтік бағытта болуына ағасының тағдыры әсер етіпті.

Осылайша Азамат мүгедектігі бар 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кафеде жұмыс істейтіндердің дені – жастар әрі 3 топтағы мүгедектер. Алатын зейнетақысы 35 мың теңгеден аспайды. Ал толыққанды жұмыс табу қиын. Сол себепті Азамат кәсіп ашып қана қоймай, дәп осы жандарға кедергісіз қоғам қалыптастыруға септігін тигізбек.

22 жастағы Ерлан Жексенбеков туа бітті саңырау. Айтуынша, осы уақытқа дейін жұмыссыздардың қатарында болған. Әлеуметтік кафенің ашылатынын естігенде ол елордаға Алматыдан көшіп келуге бел буыпты.

«Мен жұмыс таба алмай қатты қиналдым. Өйткені құлағым естімейді. Қазір мұнда бармен болып істеп жатырмын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Адамдардан қорықпай, кедергілерді жеңуге тырысып жатырмын», – дейді бармен Ерлан ЖЕКСЕНБЕКОВ.

Келушілер үшін әр үстелге ишарат әліпбиі қойылған. Азамат Базылов жұмысқа алынған қызметкерлердің ісіне өте тиянақты қарайтынын айтады. Болашақта ол мұндай орындарды еліміздің барлық облыстарында ашуды көздеп отыр. Себебі осылайша барлық өңірлерде жұмыс таба алмай жүрген жарымжандарға қолдау көрсеткісі келеді.

Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир