|
05.04.2021 | 21:20
1770

Қазақ әдебиетінің Қабанбайы – Қабдеш Жұмаділов: Тарихты қаламмен бейнелеп, ұлт тағдырын шығармаларына арқау еткен

Бүгін қазақ жұрты дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділовтен айырылып қалды

ашық дереккөзден


Бүгін қазақ жұрты дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділовтен айырылып қалды. Тарихты қаламмен бейнелеп, ұлт тағдырын шығармаларына арқау еткен әдебиет ақсақалы санаулы күннен соң 85-ке толар еді. Ғазиз ғұмырында ел қамына елеңдеп, соңына өшпес мұра қалдырған заңғар жазушы өзі сүйген қазағының көңілінен өшпек емес, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қабдеш Жұмаділов – Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме жазған. «Соңғы көш», «Көкейкесті», «Атамекен», «Дарабоз» атты романдары ел ішіне кең тараған. Шығармалары орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде жарық көрген. Романдарының басты тақырыбы- қазақ елінің тарихы. Қаламгер 1962 жылы Атамекенге оралған Қытай қазақтарының көшін бастап келген.

«Халықтың арасында ұйымдастыру жұмысын жасайды. Хрущевке хат жазады, партия орталық комитетіне хат жазады, көшірмесін Қазақстан ЦК-ның бастығы Қонаевқа жібереді. Сөйтіп, бұл кісі қазақтың 200 мың, кейде 370 мың деп айтып жүр, сол 370 мың адам қайтып Қазақстанға оралған ұлы көшті бастайды», – деді ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбек.

Жазушының ғұмырындағы бұл елеулі өзгеріс оның әдебиет майданында даралануына да әсерін тигізбей қоймады. Ұстазы Мұхтар Әуезов те «Жазушы боламын деген адамға Құдай өзі осындай кедергілер береді. Мүмкін ол жаққа өмірбаяныңды байытайын деп жіберіп жатқан шығар. Бастысы сен жасыма!» деген екен.

Осындай оймен өскен ұл ұлттық рухтың жалаугері болды. Романист жазушыны дүйім ел «Қазақ әдебиетінің Қабанбайы» атады. Арттағы ел, алдағы ұрпақ қамы үшін аттан түспеген нар азаматтың қазасы да көпке оңай тиген жоқ.

«Бала кезімізден оқып өстік ол кісінің шығармаларын. Қазақстан Жазушылар одағының алдында тұңғыш рет кең, маңдайы жазық, осындай ағамызды көргенімізде, Мұхтар Омарханұлы Әуезовті көргендей болып едік. Мұхаңнан кейінгі маңдайы жазық жазушымыз еді біздің. Ағамыздың дүниеден өткеніне өте қайғырып тұрмыз, бүкіл қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз», – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

«Жарқын бейнесі әрқашан біздің жадымызда сақталады. Халықтың жазушысы өмірден өтіп отырған кезде біз халыққа көңіл айтуымыз керек деп есептеймін», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

«Мұңлық-зарлықтың сөзі бар еді: «Мақсатқа жетіп олар да кетті өмірден, Өзекті жанға бір өлім, тек сайтан ғана өлмеген». Сол... азаматтың өмірінде таудай-таудай шығармаларын қалдырып, о дүниеге аттанды да кетті. Жатқан жері жайлы болсын!» – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.

Қабдеш Жұмаділов өзін бақытты адам, бақытты жазушы санады. Расында, оның шығармалары өзі айтпақшы, «заман илемеген, заманға күйлемеген, банкротқа ұшырамаған» туындылар. Солай болып қала да бермек.

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир