|
02.12.2020 | 21:30
2302

Тәуелсіздік және абайтану

1995 жылы елімізде «Абай жылы» деп жарияланды

Фото: Берік Уәли

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алдымен қиындықтарды еңсеруге күш салды. Мемлекеттіліктің іргетасы мықтап қаланды. Шекарамыз бүтінделді, ұлттық қорғанысымыз күшейтілді. Ел экономикасына қан жүгіріп, әлеуметтің әлеуеті де артты. Тарихи таным мен қазақ тілінің абыройын асқақтатуға көңіл бөлінді. Мәдениет саласы да назардан тыс қалмады. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек егемендіктің алғашқы жылдарында аталған бағыттарда жүргізілген жұмыстар туралы толығырақ тарқатады.

Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ел болып атап өттік. Алайда жаһанды жайлаған коронавирус дерті көптеген жоспарлардың жүзеге асуына кедергі келтірді. Дегенмен Абайды жаңа қырынан тануға, оның шығармаларымен толық әрі жан-жақты сусындауға тәуелсіздіктің арқасында қол жеткені ақиқат. 1995 жылы елімізде «Абай жылы» деп жарияланды. Президент ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады. Ол жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Егемен ел өзінің ірі тұлғасын әлемге танытатын, Абаймен мақтанатын жағдайға жетті.

«Менің есімде қалғаны Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы. Осы той біздің рухани санамыздың жетілуіне ерекше әсер етті. Өйткені тұңғыш рет Абай халықаралық дәрежеде, ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтілді. Абай жөнінде жаңа ойлар айтылды. Абайдың жаңа академиялық жиғаны жарияланды», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Ал, 1997 жылы елімізде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы қабылданды. Қазақ тілінде оқытатын мектептер саны көбейді. Мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарына қол жеткізу үшін үлкен жағдайлар туғызылды. Қазақ тілін оқытатын 100-ден аса орталық ашылды.

«Тәуелсіздік келгеннен кейін оны сақтау одан да маңызды, тәуелсіздіктің іргесі мықты болу керек. Ол үшін ұлттық мүддеміз берік қолға алынуы керек. Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдде бір нәрсе. Ұлттық мүдеміз, мысалы, мемлекеттік тіліміз, біздің жаңағы туымыз бар, әнұранымыз, елтаңбамыз бар», – деді «Қазақ үні» ақпараттық порталының президенті Қазыбек Иса.

Егемендіктің арқасында мәдениет ұлт мәйегіне айналды. 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп аталды. Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда бұған дейінгі экономикалық дағдарыста орын алған олқылықтарды жоюға күш жұмылдырылып, қиын-қыстау кезеңде жабылып қалған мұражайларды, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Бүгінгі таңда мәдени мұраларымыз түгенделіп, қазақтың мәдени жетістіктеріне төрткүл дүние куә болып отыр.

Асылбек Тойбек

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир