|
09.12.2019 | 21:58
2074

Тәуелсіздік тағылымы: денсаулық сақтау саласының шежіресі

1971-1982 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрі болған көрнекті ғалым Төрегелді Шарманов сол кезеңді ауыр күрсініспен еске алады

Осыдан тура 28 жыл бұрын, Тәуелсіздік таңы атқан желтоқсан айында Қазақстанның денсаулық сақтау саласы қандай күйде еді? Егеменді еліміздің осы жүйесін дамытуға белсенді ат салысқан азаматтар сол аласапыран жылдарды қалай еске алады?  Almaty.tv тілшісі сонау социалистік заманда денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған ғалым, академик Төрегелді Шармановпен кездесіп, тарихқа шолу жасады.  

Кеңес заманында медицина саласының қарқынды дамығаны белгілі. Әйтсе де, егемендік алғалы бір нәрседен арылдық. Бұрыңғыдай тәуелділік, жалтақтау жоқ»,- дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов. 1971 жылдан 1982 жылға дейін 11 жыл бойына Денсаулық сақтау министрі болған көрнекті ғалым, осылайша сол  кезеңді ауыр күрсініспен еске алады.

«Сол кездерді көп жұрт дамыған дәуір деп айтады. Бірақ, мен айтар едім, ондай еркіндік бола қойған жоқ. Тәуелділіктің аты – тәуелділік. Мәскеу не айтса, сол болады. Совет Одағының кезінде өте қиын дүниелер болды. Тамақ жағы өте нашар болды. Біздерге ұлттық тағам мәселесін жолға қоюға мүмкіндік болмады», - деді Қазақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВ.

1990 жылы мемлекеттік басқару ұйымдарын оңтайландыруға байланысты елде мемлекеттік ұйымдар санының қысқарғаны белгілі.  Сол үдерістен Денсаулық сақтау министрлігі де шет қала алмады. Дегенмен, қайсар азаматтардың ат салысуымен «Халық денсаулығы» атты алғашқы мемлекеттік бағдарлама ұсынылған еді. Оның мақсаты – елдегі медициналық ахуалды жақсарту болатын.

«Денсаулық саласында қомақты өзгерістер болып жатыр. Бұрын Совет Одағы кезінде Москва не айтады деп жаутаңдап жүруші едік. Солардың нұсқауымен. Бірақ басқа ұлттардың тағамын ортақ жүйеге әкеліп салуға болмайды. Мысалы қазақтың өзінің ұлттық тағамдары бар. Осы мәселе жетілмей, біздің денсаулығымыз ешуақытта жақсармайды. Мұның өзекті екені белгілі», - деді Қазақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВ.  

Кеңес заманынан мұра боп қалған ауруханалар 90-шы жылдардың басында, қаржылық қиындықтар салдарынан аянышты күйге ұшыраған еді. Заманауи құралдар тұрмақ, арзан дәрі-дәрмектің өзі тапшы болды. Білікті мамандар да, жалақы төленбегендіктен саладан кетіп жатты. Бүгінгі жас буынға бұның бәрі аңыз сияқты. Ал сала ардагерлері отандық медицинаның бүгінгі деңгейге қалай жеткенін жақсы біледі. Мүмкіндікті пайдаланып, қазіргі міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы да, маманның пікірін сұрадық.

«Міндетті түрде адам өзінің денсаулығына қаражат бөлуі керек. Дәрігерге дер кезінде қаралуы керек. Шама келгенше министрлік бұл бағытта ауқымды жұмыс істеп жатыр», - деді Қазақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВ.

Егемендікке қол жеткізген 28 жылда отандық медицина танымастай өзгерді. Шет мемлекеттермен байланыс нығайып, тәжірибе алмасу аясы кеңейді. Елімізде бұрын-соңды болмаған оталар жасалып, Қазақстанда медициналық туризм дамып келеді. Және де бұл – егеменді Қазақстанда басталған даму үдерісінің бастамасы ғана.

Сая Меңдеке, Нұржан Оразбаев, «Алматы» телеарнасы.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир