Шара "Кітаптар әлемі" жобасының бес жылдық мерейтойы аясында өтті
Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Кітаптар әлемі» жобасының бес жылдық мерейтойы аталып өтті. Айтулы шара аясында жазушы Салтанат Әбдіғалидың «Жаназық» және «Кішкентай әйел» атты кітаптарының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жазушының «Кішкентай әйел» атты прозалық кітабы қазіргі қоғамның маңызды мәселелерін қозғайтын шығармалардан құралған.
Ондағы «Ата иісі», «Әкеге хат», «Жалғыздың мұңы», «Кішкентай әйел», «Бақытгүлдің бір күні» әңгімелерінде тағдырдың тауқыметін тартқан аналар мен әкеге сағынышпен қарайтын балалардың өмірі шынайы бейнеленген.
Ал «Жаназық» кітабы – «Кітаптар әлемі» жобасының бес жылдық белесіне арналған рухани қорытынды еңбек. Онда әлеуметтік желі арқылы кітап оқуға үндеу, әдеби подкасттар мен онлайн байқаулар, өлең мен прозаны дәріптеу жұмыстары баяндалған.
Мерекелік кештің құрметті қонақтары қатарында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы, «Шалқар» радиосының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепберген, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, ақын және ұстаз Тұмартай Дінтайұлы, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген қаламгер Төлеген Баянханұлы, Шымкент қаласынан келген ақын Рүстем Кенжеұлы, Түркістан қаласынан келген жазушы Жібек Искакова және ақын Несібелі Шайдазымова болды.
Оқи отырыңыз: Кітап иісі сіңген өмір: Алматыда Кітапханашылар күні аталып өтті