Жүйелі психологиялық қолдау болмаса, тіпті қабілетті бала да күйзеліске ұшырап, өз әлеуетін толық аша алмай қалуы мүмкін
Білім беру ұйымдарында жоғары нәтиже көбіне оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесіне байланыстырылып жатады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, тұрақты табысқа жетудің маңызды шарты - оқушының психологиялық тұрақтылығы, күйзеліске төзімділігі және әлеуметтік ортаға бейімделуі. Осы бағытта ұзақ жылдар бойы жүйелі еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі - Айнұр Смағұлова. Ол білім беру мен психология тоғысындағы жетекші педагог әрі психолог ретінде оқу орындарында оқушылардың эмоционалдық әл-ауқатын нығайтуға, оқу мотивациясын тұрақтандыруға және қиын кезеңдерде психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған практикалық тәсілдерді енгізіп келеді. Айнұр Смағұлова оқушылармен ғана емес, педагогтермен және ата-аналармен де жүйелі жұмыс істеп, білім ұйымдарының тұрақты оқу климатын қалыптастыруға көмектесетін кәсіби қолдау моделін ұсынады.
Елімізде таңдаулы білім беру туралы айтқанда, көпшілік алдымен олимпиада нәтижелері мен жоғары көрсеткіштерді еске алады. Бірақ жоғары талап пен үздік нәтиженің ар жағында үнемі көзге көріне бермейтін үлкен фактор бар - оқушының психологиялық жүктемесі. Әсіресе дарынды балалар оқитын ортада қысым күшті болады: үздік болуға ұмтылыс, ата-ана күткен нәтиже, бәсеке және тұрақты бағалау жүйесі. Осы тұста мектепте жүйелі психологиялық қолдау болмаса, тіпті қабілетті бала да күйзеліске ұшырап, өз әлеуетін толық аша алмай қалуы мүмкін.
Осы мәселе туралы біз Айнұр Смағұловамен сөйлестік.
— Айнұр ханым, «мектепке психологиялық инфрақұрылым керек» дейсіз. Бұл нені білдіреді?
Көп адам психологияны тек жеке кеңеспен байланыстырады. Ол маңызды, әрине. Бірақ жоғары талап қойылатын мектептерде күйзеліс пен қысым кездейсоқ емес, ол жүйенің ішінде болады. Сондықтан қолдау да жүйелі болуы керек. Психологиялық инфрақұрылым дегеніміз ол мектептің күнделікті жұмыс процесіне кіріктірілген механизм: ерте анықтау, тәуекелді бағалау, қолдау жоспарын жасау, тұрақты мониторинг және қажет кезде түзету.
— Неге дәл таңдаулы, бәсекесі жоғары мектептерде бұл ерекше өзекті?
Дарынды балалар көбіне “мен әрқашан мықты болуым керек” деген ішкі талаппен өмір сүреді. Қиындықты жасырады, әлсіздік көрсеткісі келмейді. Нәтижесінде мәселе бір сәтте “күрт құлдырау” болып шығады: оқу үлгерімі төмендейді, конфликт көбейеді, эмоцияны басқару қиындайды. Мұндайда мектеп алдын алу жүйесін құрмаса, кеш әрекет етеді.
— Сіз ұсынатын жүйенің негізгі бөліктері қандай?
«Біріншісі әрине ерте диагностика. Мәселе ушықпай тұрып, шамадан тыс шаршау, мазасыздық, мотивацияның түсуі, әлеуметтік бейімделудің бұзылуы сияқты белгілерді бақылау керек. Екіншісі ол қолдау жоспары. “Әңгімелестік, болды” емес, нақты мақсат, қадам, жауапты тұлғалар, мерзім, нәтижені бағалау. Үшіншісі - дағдарысқа әрекет ету протоколдары. Қиын жағдайларда мектептің әрекеті бірізді әрі кәсіби болуы тиіс: тұрақтандыру, қауіп деңгейін бағалау, дұрыс коммуникация.
— Оқушының өзіне көмектесетін қандай дағдыларды мектеп дамытуы керек?
Ең бастысы - өзін-өзі реттеу. Бұл мотивациялық сөз емес, нақты дағды. Мысалы, емтихан алдында мазасыздықты басқару, сәтсіздіктен кейін қайта қалпына келу, уақытты жоспарлау, конфликтті өршітпей шешу. Осылар қалыптасса, оқушы нәтижені тұрақты ұстайды.
— Мұндай жүйе мектептің күнделікті жұмысына қалай әсер етеді?
«Мектеп тұрақты болады. Мұғалімдер кризиспен жалғыз қалмайды. Әкімшілікке ата-ана шағымдары азаяды, өйткені мәселе ертерек шешіледі. Ең бастысы — оқу процесі бұзылмайды. Сапа сақталады. Нәтиже бір реттік емес, тұрақты болады.
— Қазіргі білім ұйымдарына басты кеңесіңіз қандай?
Психологиялық қолдауды қосымша сервис деп емес, білім сапасын ұстап тұратын негізгі инфрақұрылым деп қарастыру керек. Үздік нәтижені тек бағдарлама емес, тұрақтылық, қауіпсіз орта және кәсіби жүйе қамтамасыз етеді.
Сұхбатқа уақыт бөліп, тәжірибесімен және кәсіби көзқарасымен ашық бөліскені үшін Айнұр Смағұловaға алғысымызды білдіреміз. Оқушының психологиялық әл-ауқаты мен білім сапасын бір жүйеде қарастыру туралы ойлары білім ұйымдары үшін маңызды практикалық бағдар бола алады.