|
24.05.2017 | 10:35
3708

Қазақстан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуда

Патшалық тұстан бұрмаланып қалыптасқан «қырғыз» ныспысын «қазақ» деп төл атауына қайтарған қазақ баласын біреу білсе, біреу біле бермейді. Түлкі бұлаңға салынған сол отаршыл заманда «ұлтшыл» атанып, оққа ұшқан азаматтардың құпиясы әлі күнге толық ашылған жоқ. Әйтсе де, сондай сәсте қалған қайраткерлердің бірі - Сұлтанбек Қожановтың өмір жолы тауқыметке толы болыпты.

Мұқан Әбдіраманұлы немере ағасы Сұлтанбек Қожановты суреттер мен архивтерге қарап осылайша үнсіз еске алады бүгін. Жанашыры, ағасының ғұмырын былай деп әңгімелейді. Ізбасары Мұқан аға оның қайсар мінезді, нағыз ұлты үшін жанын қиюға дайын болғаны туралы естеліктерімен бөлісті.

«Енді ол кісінің бойына тұла бойы тұнған ұлтшылдығы рас. Барлық жерде сол шындықты айтуменен шаршамай келе жатқан адам. Не бір Мәскеуде де бас қосу кездерінде трибунаға шығып, қанша жерден біз коммунистік қоғам болдық дегенімізбен қазақ елінде әлі отарлау саясаты жүріп жатыр деп айтқан кезінде, Сталин мынау барып тұрған «ұлтшыл» дейді. Олар ана жақта отырып алып, бұл жақты көріп отырған жоқ. Бұл жақта темір жолдың бойында аштан қырылып күнін көре алмай, ол ашаршылық темасы өз алдына, сол кезде осы қиыншылықтарды жеткіземін деп көзге ілінген», - деді С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президенті, немере інісі Мұқан ӘБДІРАМАН.

1925 жылдары Қазақ компартиясының бірінші хатшысы болып келген Голощекин сол кездегі ұлт көсемдері саналған белсенділерді шеттетіп, оларға «ұлтшыл» «Қожановшыл», «Рысқұловшыл» деген айыптар тағады. Сондағы бар айыбы бұқараның базынасын бүкпесіз билікке жеткізгені, шындықты саспай жайып салуы болатын.

«1937 жылы «халық жауы» деп ұстап, қолына кісен салып түрмеге жауып, 1938 жылы ақпан айында 8 күні қаулы шығады атуға. Екі күннен кейін ақпанның 10 күні ол кісіні атады. 1957 жылы ақтайды. Көрдіңіздер ма жазықсыз адамды. Осы екі ортада Сұлтекеңнің үйіндегі анамыз ғұмырының он екі жылын түрмелер мен лагерлерде өткізді. Сөйтіп келіп кешегі міне тоқсаныншы жылға ілініп, ол кісі қайтыс болды», - деді С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президенті, немере інісі Мұқан ӘБДІРАМАН.

1922-1924 жылдары Түркістан комитетінің хатшысы қызметін атқарып тұрған сәтінде қазақ тарихына Сұлтанбек Қожанов сүбелі үлес қосады. Ол - Қырғыз-Қазақ Автономды Республикасын Қазақ Автономиялық Республикасы етіп өзгертеді. Бұдан бөлек, қайраткер Ресей аймағында орналасқан астананы елге, яғни Ақмешітке көшіруге ат салысады.

«Астанамыз Орынбор болған ғой бірінші, сол Орынборда жүрген кезде қабырғасына қатты батады. Орыстың туы тігілген жерде қазақтың астанасы болған жараспайтын ұғым дегендей. Күндіз түні сол ойда болады. Ойлана келе мұны қазақтың қаласы болмаса да киіз үйін алып барып астана қыламыз дегендей ниетпенен. Көрдіңіз бе батылдық. Сөйтіп астананы Орынбордан Қызылордаға алып келеді», - деді С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президенті (немере інісі) Мұқан ӘБДІРАМАН.

Сұлтанбек Қожанов ағартушылықпен де айналысады. Ташкенттен институт ашып жастардың білім алуына жол ашады. Саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған педагогтың ұрпақтары да репрессия азабын айналып өткен жоқ. Жары Күләнда да Алжир лагерінде 12 жылға тұтқында болады. Сұлтанбек Қожановтың артында үш ұлы мен бір қызы қалады. Алайда балалары да қуғын-сүргін азабын көріп, әр қайсысы әртүрлі жағдайда дүниеден озып кетеді. Бүгінде Қожановтың ерлігін насихаттап жүрген Мұқан аға немере ағасын келер ұрпақ кеңірек таныса дейді.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиеа, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир