|
19.06.2024 | 10:26
1173

Алматыда 10 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген аулалар абаттандырылады

Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қолайлы орта мен қауіпсіздікке баса көңіл бөлінеді

Алматыда 10 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген аулалар абаттандырылады пресс-служба акима Алматы

Алматыда тұрғындардың жайлылығы үшін аула аумақтарын күрделі жөндеу жалғасуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары және халықпен кездесу барысында Әуезов ауданындағы, Жандосов көшесі, 59/1, 59Б, 59В мекенжайларында, яғни 10 шағынаудандағы аула аумағын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев қала басшысына құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында басталып, биыл қазан айында аяқталады деп есеп берді. Оның айтуынша, күрделі жөндеу «АлматыБасЖоспар» ҒЗИ аула аумақтарын абаттандыру бойынша бекіткен әдістемелік құрал негізінде жүргізіледі.

Аулаларды аралау барысында Ерболат Досаев спорттық және балалар ойын алаңдарын жаңғыртуды, спорт алаңын жаңартуды, орындықтармен демалыс аймақтарын жабдықтауды тапсырды. Алматы әкімі қауіпсіздік пен жайлылық сияқты өлшемдерге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ әкім барлық аула нысандарын бірыңғай кешенге біріктіру керек екенін айтты.

Аула тұрғындары Ерболат Досаевқа аумақты абаттандырғаны үшін алғыс айтып, әкімнен орта жастағы адамдарға арналған тренажерлер орнатуды сұрады. Ерболат Досаев аудан басшылығына жергілікті тұрғындардың өтінішін орындауды тапсырды.  

Айта кетерлігі, 10 шағынаудандағы 59/1, 59Б, 59В үйлер 1967 және 1969 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Соңғы рет мұнда жөндеу жұмыстары 14 жыл бұрын – 2010 жылы жүргізілді.

Халықтың тығыздығы және көпқабатты тұрғын үйлердің көптігі байқалатын Әуезов ауданында аулаларды абаттандыру және жаңғырту - бірінші кезектегі мәселелердің бірі. Өткен жылы ауданда Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 150-ден астам аулаға жөндеу жүргізілді, биыл 23 аулаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Бұл мақсаттарға 1,6 млрд теңге бөлінді.

Оқи отырыңыз: Алматыда студенттерге арналған инклюзивті жаңа жатақхана ашылады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир