|
04.05.2024 | 17:30
2209

Бишімбаевтың ісі: жаза тағайындау мәселесі күн тәртібіне қойылды

Мемлекеттік айыптаушы Қуандық Бишімбаев әйелін қызғаныштан өлтірді деп мәлімдеді

Бишімбаевтың ісі: жаза тағайындау мәселесі күн тәртібіне қойылды Almaty.tv

Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы соңына таяды. Бүгін жарыссөздің екінші бөлімі жабық түрде өтті. Маңызды жиынға алқабилер мен БАҚ өкілдері қатыстырылмады, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Мұнда тараптар қылмысқа қатысты азаматтық талаптарын айтып, өз ұстанымдарын ортаға салды. Жаза тағайындау мәселесі де күн тәртібіне қойылған

Қылмысты жасырды деп айыпталып отырған ол шындық детекторынан өтуге дайын екенін жеткізді. Экс-министрдің інісі жеңгесі хәл үстінде жатқан кезде ағасының тапсырмасын орындағанын айтып, ағынан жарылды. Бұйрықты бұлжытпай орындаған ол сол күнгі әрекетін санамен салмақтап үлгермеген көрінеді. Мейрамханадағы бейнежазбаларды білместікпен өшіргенін жеткізді. Таспаның ішіндегі көріністерден мүлде хабарым болмады деген Байжанов ақырғы сөзінде судья мен алқабилерден әділ шешім күтетінін айтып қалды.

– Егер мен қылмысты жасырғым келсе, онда Бишімбаевтың тапсырмасын күтпей-ақ, камерадағы жазбаларды өзім өшіретін едім. Мейрамханада сол күні не болғанын қаз-қалпында айттым, ештеңе жасырмадым, тек шындықты айттым. Егер қажет болса, шындық деректорынан өтуге дайынмын. Қалғаны сіздердің қолдарыңызда, кез келген шешімді қабылдаймын, – деді сотталушы Бақытжан Байжанов.

Жарыссөзде сөз алған мемлекеттік айыптаушы Қуандық Бишімбаев әйелін қызғаныштан өлтірді деп мәлімдеді. Айжан Аймағанова Нүкенованың ауыр соққыдан азапталып, түс кезінде жан тәсілім еткенін алға тартты. Мұнымен қоса, сол күнгі Байжановтың әрекеті саналы түрде жасалғанын жеткізді. Өлім мен өмір арасында жатқан жеңгесіне көмектеспеген деп айыптады.

– Сол күні Байжановтың мейрамхананы жауып тастағаны, камералардың жазбаны өшіргені, телефонды әр жерге тасығаны, мүсәтір спиртін әкелуді тапсырғаны, таныс дәрігеріне қоңырау шалғаны анықталды. Осы дәлелдің бәрін қалай түсіндіреміз? Бұл саналы түрде жасалған әрекет. Байжанов оның бәрін орындады. Ол не болып жатқанын анық білді. Салтанат күні бойы азаптанып жатты. Оны эксперт те айтты. Марқұм түскі уақытта көз жұмды. Қорғаушы тарап айтқандай, кешке өлген жоқ, – деді мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова.

Соттағы жарыссөздің екінші бөлімі түстен кейін өтті. Бұл жиынға алқабилер қатыспады. Онда екі жақтың өкілдері сотталушылардың әрекетін саралап, жаза тағайындау мәселесі бойынша өз пікірін ортаға салады. Күні кеше өткен іске өкінетінін жеткізген эск-министрдің ақырғы сөзі 6 мамырға қалдырылды.

Кәмшат Мұхамеджан, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: экс-министр кез келген жазаны көтеруге дайын

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир