|
03.07.2024 | 13:46
14539

СҚО-да тұрмыстық бұйымдар табылды

Дала тәжірибесі 3 аптаға созылады

СҚО-да тұрмыстық бұйымдар табылды Almaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында археологтар бірегей көне құрылыстар мен тұрмыстық бұйымдарды тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Зерттеу жұмыстары қазір Ақ Ирий елдімекенінде жүргізіліп жатыр. Ғалымдар бұл тарихи олжа өлкенің өткен замандардағы тұрмыс-тіршілігінен хабар береді дейді. Археологиялық қазба жұмыстары туралы толығырақ тілші материалында.

Солтүстік Қазақстан университеті жүргізген археологиялық экспедицияның 20 дала маусымы жергілікті археологтар үшін жемісті болды. Долматово ауылының іргесінде орналасқан көне Ақ Ирий қалашығында біртіндеп тарихи құпиялар ашылып келеді. Мәселен, жас зерттеушілер өңірді зерттеу кезінде кірпіш қабырғалар мен жануарлардың сүйегін тауыпты. Бір кездері мұнда қорғаныс орындары мен қорғандар және басқа да бекіністер табылған еді.

«Бірінші құрылымның көлемі орасан зор. Мұның бәрі ежелгі уақытта жасалған. Дегенмен, нақты уақыты туралы айту қиын. Бірақ кірпіш орта ғасырға тән болуы мүмкін. Қазып жатқанымызға үшінші жыл болса да, тым болмаса бір құрылыстың түбіне жете алмай жатырмыз», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Анатолий Плешаков.

Археологтардың айтуынша, қазір ежелгі пештерді зерттеу қолға алынған. Мұнда нысандардың қос мақсатты болуы әбден мүмкін. Яғни, тек метальды балқытып қана қоймай, ет ыстайтын орын болған. Бұған табылған сиырлар мен жылқылардың қалдығы дәлел.

«Биыл біз екінші құрылымды қазуға кірістік. Бірнеше айырмашылық бар. Біріншісінде жануарлардың саны көбірек болса, мұнда бір ғана бұзау табылды. Қазір оны тазалап, суретке түсіріп, эскизін сызып алдық. Одан әрі тереңдей түскенде біраз сүйек шықты. Шамасы, бұл жылқы болуы мүмкін», – деді Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Павел Кучеров.

Экспедицияға қатысқан 50 студенттің ішінде 2-курс студенті Тимур Қанатов та бар. Жас археолог өткенді зерттеуге өз үлесін қосып жүр.

«Біз мұны пеш деп болжап отырмыз. Құрылымның алдынан ұзындығы 1-1,5 метр болатын ор қаздық. Сондай-ақ кірпіш пен пештің желдеткіші ретінде пайдаланылған қызық қақпа да көзге түсті», – деді студент Тимур Қанатов.

Қазба жұмыстарын жүргізуге Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қолдау білдіріп отыр. Айта кетейік, дала тәжірибесі 3 аптаға созылады.

Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбе заң институтының оқытушысы Азия және Океания чемпионы атанды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир