|
23.05.2024 | 19:41
1162

Сталкер: жәбірленуші құқығы қалай қорғалады

Мемлекет басшысының бұйрығымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейтілді

Сталкер: жәбірленуші құқығы қалай қорғалады Almaty.tv

«Ажырассам да, күн көрсетпейді». Елімізде соңғы жылдары бұрынғы күйеуінен зардап шегіп жүрген әйелдердің саны алаңдатарлық деңгейге жеткен. Былтыр 61 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген, деп хабайлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоғамда отау құрғандардың шаңырағы жыл өтпей жатып шайқалып, ажырасу  ұғымы үйреншікті жағдайға айналып барады. Некесі бұзылса да, бұрынғы жұбайының соңынан қалмайтын азаматтар жетерлік. Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, әйелдердің 40 пайыздан астамы бұрынғы күйеуінен физикалық зорлық көреді. Мұның арты кейде тіпті адам өліміне алып келеді. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген Индира Тергеубаеваның оқиғасы осыған дәлел.

Естеріңізде болса, бұрынғы күйеуі оның дүкеніне баса көктеп кіріп, бензин шашып, от қойған. Қызыл жалын тез тарап, артынша жарылыс болған. Кесірінен әйелдің денесін қатты күйік шалды. Ол аман қалды, бірақ сол күнгі сұмдықтың салдарымен әлі күресіп келеді.

– Оқиғаға дейін  5 рет шағымданып, сотқа жүгіндім. Қолымда жоғарғы соттың шешімі бар. Бірақ олар жұмыс істеген жоқ. 40 л бензині алып келді. Саусақтарым сынды, бет-аузым, басым, шашым, екі қолым өртенді. Тек күн суық болғандықтан, киген қылың кимім құтқарып қалды, – деді жәбірленуші Индира Тергеубаева.

Жантүршігерлік оқиғадан соң Индира Тергеубаеваға 9 ота жасалған. Ол «жауаптылар сұмдық жағдай болмай тұрып дереу әрекет еткенде, соттың пәрменін уақытылы орындағанда, мұндай қайғылы оқиға болмас еді» дейді. Оның ендігі талабы – ісіне салғырт қарағандарды жауапкершілікке тарту және бұл істе өзін жәбірленуші деп тану.

– Алысып жатырмын, ешкімнің жаны ашып тұрған жоқ. Прокурорлар да «сізге не керек?» дейді. Өз ісіне салғырт қарағандығын мойындағысы келмейді, – деді жәбірленуші Индира Тергеубаева.

Мамандар «бұл ретте психологиялық жарақаттар да елеусіз қалмауы керек» дейді. Тәуелсіз сауалнама нәтижесінде, әлемде әрбір екінші әйел моральдық тұрғыда қысымға, қорлауға және қорқытуға ұшырайтыны белгілі болды. Бұл – жай сандар емес, шырылдап көмек сұрағандардың жанайқайы. Адамның жеке өміріне араласып, оны аңдып, бақылап, мазалайтындарды «сталкер» дейді. Сталкинг – қылмыстық әрекет, көбіне психологиялық қысым көрсету арқылы жүзеге асады.

– Жәбірленушілер ажырасса да, күйеуі артынан аңдиды, маза бермейді, телефон соғады, кездесу іздейді. Балалар арқылы кездесуге шақырады. Ондай жағдай көп. Агрессор бала кезінде психологиялық зардап шегуі мүмкін. Мұны психологиялық ауытқу деп айтуға болады, – деді психолог Гүлжанар Қалауова.

Бұрын отасқан күйеуімен заңды түрде ажырасса да, тыныштыққа қол жеткізе алмай жүрген әйелдер заңгерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Көбіне мұндай қыз-келіншектер қоғамдық қорғау үйлері мен дағдарыс орталықтарына жүгінеді. Ел бойынша мұндай дағдарыс орталықтарының саны 70-тен көп, оның 20-ға жуығы жәбірленушілерге уақытша баспана ұсынады.

– Бізде тұратын жәбірленушілердің бұрынғы күйеуі артынан қудалауы жиі кездеседі. Өткен аптада бір әйелдің күйеуі келіп, қақпаны күзетіп, жұмысқа баруға кедергі жасады. Заңда бекітілген «қорғау нұсқамасы» деген құжат бар. Ол – учаскелік полицияның бекітетін құжаты. Құжат бойынша, 30 күн ішінде агрессор жәбірленушінің мазасын алуынаға жол берілмейді. Қазақстанда сталкинг үшін жауапкершілік айқындалмаған, – деді дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова.

Естеріңізде болса, таяуда Мемлекет басшысының бұйрығымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейтілді. Жаңа шара тиімді іске асырылса, бұрынғы күйеуінің қудалауынан зардап шегетін әйелдердің құқығын қорғауға жол ашылады.

Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Әйеліне ашулы қария баллонды жарды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир