|
23.05.2024 | 18:38
2094

Батыр бала: сәбиді құтқарған оқушыны бас мұғалім құттықтады

Төтенше жағдайлар министрлігі алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті

Батыр бала: сәбиді құтқарған оқушыны бас мұғалім құттықтады Almaty.tv

Жеті жастағы баланың өмірін сақтап қалған Ақан Әкімжанов – бүгінгінің батыры. Астаналық ержүрек жасөспірім төртінші қабаттан төменге құлайын деп тұрған балақайды құтқарды. 7-сынып оқушысының көзсіз ерлігі кешелі бері көптің талқысынан түспеді. Батыр ұлды бүгін Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктері қабылдап, құрмет-қошемет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елді елең еткізген бұл оқиға осыдан 3 күн бұрын болған. Әжесіне қонаққа барған 7 жастағы бала балконнан құлап кете жаздайды. Көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында ілініп тұрған оны аулада жүрген Ақан көріп қалып, аман алып шығуға асығады. Кідірместен жоғарыға көтеріліп, балақайдың өмірін сақтап қалады.

– Көрген бойда қолымдағы сөмкемді қоя салып, сол жаққа жүгірдім. Лифтімен көтеріліп бара жатқанымда қалай әрекет ету керек екенін ойлап бардым. Бала әлі  ілініп тұр екен. Қолынан тартып, өзіме қарай көтеріп алдым. Үлгермей қаламын ба деп зәрем ұшты, бірақ үлгердім, – деді№31 мектеп-гимназиясының оқушысы Ақан Әкімжанов.

Бала өмірін сақтап қалған Ақан – кешелі бері көптің аузында. Көзсіз ерлігіне жұрт тәнті болып жатыр. Үйдегі ата-анасынан бастап, сыныптас-дос, бауырлары оның ержүректігімен мақтанады. Әскерилер отбасында тәрбиеленген ұлының әрекетіне әкесі де ерекше қуаныпты. Ол «қайғылы жағдайдың алдын алып, азаматтық жасады» дейді.

– Үйге келе жатқанда жан-жақтан хабарласып құттықтады. Өзім не болғанын түсінбедім? Аулаға келгенде көршілер «балаңыз ерлік жасады, адам құтқарып қалды» деп айтып берді. Сосын үйде ұлымнан оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі сұрадым. Алғашында таңырқағаным рас, бірақ ұлымның осындай ержүрек әрекетіне іштей қуандым, – деді ақанның әкесі Асқар Әкімжанов.

Ақанның әке-шешесі – әскери адамдар. Ширек ғасырға жуық ғұмырын осы салаға арнаған. Отбасында Ақаннан бөлек, 3 ұл, 1 қыз бар. Анасы ұлының болмысы ерекше екенін айтты. Мінезі салмақты, көп сөйлегенді ұната бермейді, жан баласына қол ұшын созуға дайын.

– Үйде болмадық. Аулаға келгенде,  баламның достары айтты. «Сіздің ұлыңыз баланы құтқарып алды» деді. Ақан ылғи біреуге көмектесіп жүреді, үйреніп қалғанбыз, – деді Ақанның анасы Зухра Әкімжанова.

Ерлігімен ел мақтанышына айналған Ақанның кешелі бері мерейі тасыды. Батыр ұлды бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі мен еліміздің бас мұғалімі құттықтады. Оған алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етілді. Отбасына да құрмет көрсетілді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Батыр бала: сәбиді құтқарған оқушыға 1 миллион теңге берілді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир