|
06.05.2024 | 20:09
1533

Қажылық виза: мұсылмандар қандай талапты орындауы тиіс

Биыл Қазақстаннан 5 мың 81 адам сауапты сапарға аттанады

Қажылық виза: мұсылмандар қандай талапты орындауы тиіс Almaty.tv

Қажылық жасағысы келетін қазақстандықтың арнайы қажылық визасы болуы керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай пәтуа шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қажылық визаңыз» болмаса, үлкен қажылыққа барып жасаған құлшылығыңыз қабыл болмайды. Сәуірдің соңында Сауд Арабиясы корольдігі қажылық рәсімдерді тек «қажылық визасы» арқылы жасау керек деген мәлімдеме жасады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «қажылық визасыз» қажылыққа барған адамның құлшылығы қабыл болмайды деген пәтуа шығарып отыр.

– Бұл  Сауд Арабия корольдігінің қойып отырған талабы. Басқа жол жоқ. «Қажылыққа былай барады жеке барады» деген жоқ, – деді ҚМДБ Қажылық бөлімінің басшысы Жәнділлә Бекжігітов.

Оның сөзінше, Сауд Арабия корольдігі осы жылы қажылыққа келетін 2 миллион мұсылманды қабылдап, қызмет етуге дайын. Сондықтан да «қажылық виза» талап етіледі. Сол елдің заңы бойынша туристік, еңбек және студенттік визамен құлшылық аймақтарына кіруге рұқсат етілмейді. Ал дінтанушы Асылбек Избайыров пенденің жасаған құлшылығын Жаратқан қабыл етпейді деп кесіп айтуға болмайтынын жеткізді.

– Әрине, діни тұрғыдан алатын болсақ, пәтуа шығарудың визаға қатысы жоқ. Қажылықтың қабыл болу-болмауын Алла біледі. Бірақ, әрине, сен қажылықты айдалада орындамайсың ғой. Қажылықта сен бір мемлекетке кіресің. Оның шарттарына, заңдарына бағынасың. Сондықтан да виза – өзекті мәселе, – деді дінтанушы Асылбек Избайыров.

Егер өзіңіз қажылық жасасаңыз, Сауд Арабия корольдігінің Қажылық және умра министрлігі бекіткен ереже бойынша Арафатта тұру, Минада түнеу, тас лақтыру сынды рәсімдеріне қатыса алмайсыз. Бұл – сол елдің заңы.

Биыл Қазақстаннан 5 мың 81 адам сауапты сапарға аттанады. Ал оған 16 туроператор жауапты болмақ. Қазір қажылыққа барамын деушілерден өтініш қабылданып жатыр.

Айта кетейік, ұлы сапарға отандастарымыз маусымның 5-і мен 10-ы аралығында жол жүреді. Парызын өтеп болған соң, 23-28 маусым аралығында елге оралады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар,  Дастан Темірбекұлы, «Алматы»  телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматылықтар жауынгерлерді еске алды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир