|
03.05.2024 | 19:24
281

Маңғыстау облысындағы тұрғындар ауыз суға зәру

Ауыл әкімі су мәселесінің келесі аптада шешілетінін айтты

Маңғыстау облысындағы тұрғындар ауыз суға зәру Almaty.tv

Маңғыстау облысындағы Баянды ауылында ауыз су тапшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баянды ауылының 8 жарым мың тұрғыны ауыз су мәселесінің жыл сайын күн жылынғанда басталатынын айтады. Азаматтар ішуге таппай отырған тіршілік нәрін бақшаға жеткізе алмай, қуратып аламыз деп алаңдайды. Құбырдан су келмеген соң, көпшілік оны да сатып алуға мәжбүр. Ал субсидияланған су құны – 5 текше метріне 2700 теңге. Кезекпен берілетіндіктен, мұның өзі халыққа жетпейді.

– Су жетпейді. Бір күні 2 сағат, бір күні 1,5 сағат ағады, – деді Баянды ауылының тұрғыны Балтабай Боранбаев.

– Жылда жазда суға қатысты мәселе туындайды. Көршілер судың аққанын аңдып жүреміз. Әкім, орынбасары неге қарамайды? Шешіп берсін, – деді Баянды ауылының тұрғыны Венера Жеткербаева.

Норматив бойынша ауылға мың текше метр су жеткілікті. Су тұщыту зауытынан 1200 текше метр су келіп тұрғанымен, мамандар жетпейтініні айтты. Себебі кей азаматтар ауласына 8 текше метрлік құдық қаздырған. Құдық толғанша суды жаппаған соң екі ортада тапшылық туындаған.

– Төрт көшенің басындағы адамдар суды алып отыр. Олар құдығы толғанша отыра береді. Егер су жүйелері дұрыс тартылса, тіке үйге барып тұрған болса, керегін қолданып, басқа кезде жапса, тәулігіне су бере аламын. Бір мың текше метр жетеді. Жоба солай жасалған, – деді «Маңғыстау жылу» МКК директоры Надырхан Қылышмағанбетов.

Жергілікті әкімдік «Су тұщыту зауыты алдағы уақытта өнім көлемін арттырады. Сол кезде мәселе туындамайды» деп сендіреді.

– Мембрананың қуаттылығын күшейту керек. Алдағы уақытта 1-1,5 текше метрге көтеруге уәде берді. Құйылыстан алатын суды алда көтеруді жоспарлап отыр, – деді Баянды ауылының әкімі Бектұрлы Ыбыраев.

Ауыл әкімі су мәселесінің келесі аптада шешілетінін айтып, уәде берді.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдаулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Терезеден құлап кетті: төтеншеліктер балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир