|
02.05.2024 | 19:32
472

Су басуы мүмкін: Аса өзенінің арнасын кім бұзды

Аса өзенінің өзінде 17 зауыт карьерді кәсіп еткен

Су басуы мүмкін: Аса өзенінің арнасын кім бұзды Almaty.tv

Жамбыл облысында шағыл тас шығаратын зауыттар Аса өзенінің арнасын бұзып жіберген. Салдарынан ағын су бағытын Бәйтерек ауылына қарай бұрыпты. Енді мұндағы жұрт «елді мекенді су баса ма?» деп алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аса өзенінің бойында 10 ауыл орналасса, соның бірі – Бәйтерек. Көктем шығысымен мұндағы жұрт өзен арнасын аралауға шығады. Оған тұрғындардың сейіл құруы емес, су тасқынынан сескенуі себеп. Карьер қазатын компаниялар арна түбінен шағыл тас шығарамыз деп, су бағытын бұра салған. Енді ентелеген су ел орналасқан елдімекен маңымен сарқырап жатыр.

– Арнаны бөгеген жоқ, бұрып жіберді, су арнаны өзі тауып алды. Карьерлер тасқын суға қорған болатындай арна жасап берсін, не жұмысын тоқтатсын. Қазір байқап тұрсақ, жаңбыр толассыз жауып жатыр. Судың көлемі 2 есеге көбеюі мүмкін. Сондықтан олар ұстап тұра алмайды және бөгет те бола алмайды, – деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Құрманбек Есімбеков.

Бұқара «зауыттар қазылған орындарды бекітпегендіктен, ой-шұңқырға малымыз түсіп жатыр» дейді. 2017 жылы өзен арнасынан тасығанда ауылдың бір бөлігіне су жайылып, халықты әбігерге салған. Тұрғындар сол жағдай биыл да қайталана ма деп алаңдайды. Себебі су деңгейі жылдағыдан 2 есе көп. Апаттың алдын алу үшін азаматтар әкімдікке талай барған. Бірақ нәтиже жоқ.

– Жаңбыр жауған сайын су көбейіп жатыр. Қанша жылдан бері айтып келеміз. Әкімдік келеді, көреді де кетеді, нәтиже жоқ, – деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Жандар Қазанбаев.

Жергілікті билік өзен бағытының бұрылғанын растап отыр. Дегенмен осы уақытқа дейін неге тексерілмегенін айта алмады. Ауыл тұрғындарының шағымынан кейін, табиғатты қорғау мекемелерімен бірге тексеріс жүргізбек. Олар жиылған көпті «ауылға тасқыннан төнер қауіп жоқ» деп сендірді.

– Аса өзені Шу-Талас инспекциясына тиесілі. Зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, толыққанды жауап береміз, – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов.

Бүгінде бір ғана Аса өзенінің өзінде 17 зауыт карьерді кәсіп еткен. Олар жер қойнауын бұрғылау үшін өзен маңын 20 жылға жалға алған. Енді комиссия құрылып, талап бойынша тексерілмек. Жобадан ауытқу байқалса, айыппұл салынып, қалпына келтіру жөнінде тапсырма да жүктеледі.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз: Қарағандылықтар жолдың құрылысына неге қарсы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир