|
06.05.2024 | 19:34
292

Жезқазғандық ана баласын қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот шешімімен келіспейді

Анасының айтуынша, 7 жастағы Нұрислам басынан соққы алған

Жезқазғандық ана баласын қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот шешімімен келіспейді elements.envato.com

Жезқазғанда 7 жастағы баланы жол ортасында қағып кеткен жүргізуші айыппұл төлеумен шектелген. Баласының өмірі үшін алаң болған ана сот шешімімен келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір ай бұрын бірінші сынып оқушысы Нұрислам Жұмақаевты Жезқазғанның орталық көшелерінің бірінде Toyota Land Cruiser автомобилін тізгіндеген келіншек қағып кетеді. Көлік астында қалған баланың анасы перзентінің бағдаршамның жасыл түсіне өткенін алға тартып отыр. Бейнежазбада да жаяу жүргінші жолағына қарамастан, тізгіндегі азаматтың жүрісті тоқтатпағаны байқалады. Салдарынан, бала 1 метрге дейін ұшып, бас ми жарақатын алған.

– Балам 6 күн ауруханада жатқанда келіп, хәлін сұраған жоқ. 3 күннен кейін өзіміз хабарластық. Ол кісі жолдасымен менің жұмысыма келіп, «Көлігім керек сізге, 100 мың теңге ақша берейін, осы істі жабайық» деді. Мен баламның денсаулығына келетін зиян жоқтығына көзім жетпейінше, тоқтамаймын деп едім. Ол кісі маған «Сен түк те істей алмайсың, айыппұлды төлейміз де, көлігімізді аламыз» деп өзіме қоқан-лоқы көрсетіп кетті, – деді Н. Жұмақаевтың анасы Дана Омарова.

Анықтамақ болған ана дәрігерлерден «баланың жағдайы жақсы» деген жауап алған. Бірақ үйге келісімен Нұрисламның басы ауырып, жағдайы күн санап нашарлайды. Бір қауіптің барын сезген Дана Омарова Денсаулық сақтау министрлігінің шұғыл желісіне байланысқа шығып, баласын қайта ауруханаға жатқызуға мүмкіндік алған.

– Ананың өтініші бойынша бақылауға алып, ауруханаға жатқыздық. Баланың жағдайы бірқалыпты. Қан қысымы  110/70, шағым жоқ, – деді көпбейінді аурухана директорының орынбасары Шахрух Юлдашев.

Жезқазған қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты берген ақпарға сүйенсек, баланың денсаулығына жеңіл түрде зиян көрсетілген екен. Мұндай мәлімет сарапшының қорытындысында жарияланған. Ал жол ережесін бұзғанымен қоймай, адам өміріне қауіп төндірген жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында жауапқа тартылған.

Ұлытау облысы Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты:

«Сотта А. Есімді азаматтың жауаптылығын жеңілдететін мән-жайдың болуы мен жауаптылықты ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, сот құқық бұзушыға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, 2-бөлігінің санкциясы шегінде 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасын тағайындады».

– Мен сот шешімімен келіспеймін. Себебі баламның диагнозы жеңіл жарақат деп беріпті. Бала басынан соққы алған, гематома бар. Түнімен ұйықтай алмайды, – деді Н. Жұмақаевтың анасы Дана Омарова.

Бокс үйірмесіне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген Нұрислам біршама уақыт спортпен шұғылдана алмайды. Бала сондай-ақ тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында болады. Ал 147 680 теңге айыппұл төлеп, жүргізуші куәлігін қайтарып алған азаматтың әділ түрде жауап беруін жеткіншектің анасы талап етпек.  

Алтынгүл Төлегенова, Құрмет Қожахметов, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: сотталушы Салтанаттың отбасынан кешірім сұрады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир