|
06.05.2024 | 19:56
446

Әскери теңізшілер ант қабылдады

Ақтаудың әскери теңіз күштерінде 12 ірі кеме бар

Әскери теңізшілер ант қабылдады Almaty.tv

Елдің әскери теңізшілері тағы 175 сарбазға толықты. Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында ант қабылдап, қатарға қосылған азаматтарға Қазақстанның теңіздегі шекарасын қорғау міндеттеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақтауда Солтүстік және Батыс Қазақстан мен Павлодар, Қарағанды, Алматы, сондай-ақ Маңғыстау мен Жетісу облысынан шақырылған 170-тен аса сарбаз ант қабылдады. «Отан алдындағы борышымды адал өтеймін» деген олар биыл көктемде әскер қатарына шақырылған. Маңызды рәсімге әскери қызметшілер мен жас ұландардан бөлек, олардың ата-аналары қатысып, айрықша сәтке куә болды.

– Балам еркімен келді. Отан алдындағы борышын өтеген соң қызметтті жалғастыратынын айтты. Толыққанды келісемін. Аман жүрсін! – деді ата-ана Күміс Жұмағалиева.

Іс-шара барысында қатарға жаңа қосылған сарбаздар әскери оркестрге қосылып, салтанатты шеруді жалғады. Қоян-қолтық күрес пен саптық дайындық та көпшіліктің назарына ұсынылды. Мұның бәрі бекер емес. Бірнеше айлық жаттығудан соң әскери теңізшілер амфибиялық шабуыл батальоны мен коменданттық ротаның әскери бөлімшелеріне жіберіледі. Гетерогенді кемелер дивизиясы да бар. Осылайша азаматтар Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігінде қызмет ететін мыңнан аса жауынгердің қатарына қосылады.

– Бұл азаматтарды келешекте келісімшарт арқылы әскери қызметке қалдыруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе жергілікті жігіттер теңізді, жағалауды жақсы біледі. Бұл ұсыныс олар үшін де тиімді болмақ. Тұрақты жұмыс орны табылып, жағдай жасалады, – деді Жағалау күзеті 1-дивизиясы командирінің орынбасары Оразалы Жүсіпов.

Мамандар аталған саладағы өзекті мәселе – кадр тапшылығы деп отыр. Осындай тұста әскери борышын өтеймін деген ұландардың әлеуетті арттыруға атсалысқаны аса маңызды. Бұл мақсатта сарбаздардың кәсіби шеберлігін шыңдау арқылы Каспий мен елдің қауіпсіздігі қорғалмақ. Экономикалық тұрақтылық, халық тыныштығы да басты назарда.

– Кішкентай кезімде досым теңізге деген құштарлығымды ашқан. Мен шекара қызметіне келуді шештім. Теңіз жағасында өскендіктен, кемеде азаматтық борышымды өтеймін, – деді сарбаз Мейіржан Бақытжанов.

Қуаты қатайған Ақтаудың әскери теңіз күштерінде 12 ірі кеме бар. Олардың қатары заманауи, әрі брондалған, жаяу әскерлерді таситын «Қайсар» катерімен толықты. Отандық «Зенит» зауытынан шыққан Орал, Қазақстан, Маңғыстау, Сарыарқа кемесі – теңіз күшінің абыройы. Тізім мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта талапқа сай қазақстандық катерлер тағы алынбақ.  

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Алматыда Отан қорғаушы күніне арналған концерт өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир