|
21.06.2017 | 10:14
2465

Алматы әкімі кезекті рет базынасы бар тұрғындарды қабылдады

Алматы әкімі кезекті рет базынасы бар тұрғындарды қабылдады

Әкім болу - халыққа жақын болу. Алматы әкімі Бауыржан Байбек кезекті рет базынасы бар тұрғындарды қабылдады. «Нұр Отан» партиясы филиалының басшысы әлеуметті алаңдатқан мәселелерді тыңдап, жауаптыларға бірнеше тапсырма берді. Оларды шешу кезек күттірмеуі керек. Сонымен, халықты не алаңдатып отыр?

Қол алысты, мәселе шешілді. Уәжі бар тұрғындар бұл кездесуді көп күтті. Кезекке тұрып, тізімге алынды. Енді міне, көкейді кернеп келген сауалдарын қала басшысына жаудырып-ақ  жатыр. Мәселен, Динара Ахметқалиева жер асты өткелдерінің бүгінгі сиқына алаңдаулы. Көп балалы ана «Қалқаманда» тұрады. Ондағы өткел қоқысқа қақалған. Көңірсіген иістен тыныстау мүмкін емес. Амалы құрыған жұрт  жолды айналып өтуге мәжбүр сондықтан.

«Ол жер өте қорқынышты. Әсіресе, түнгі уақытта өткелден өту тіпті мүмкін емес. Қаңғыбастар жиналып алады. Ұрлыс-төбелес болады. Одан кейін, қалдықтарын тастап кетеді. Ешкім қадағаламайды», - деді қала тұрғыны Динара АХМЕТҚАЛИЕВА.

Тұрғын айтқан өткел былтыр Наурызбай ауданының меншігіне өткен. Сын көтермейтіні рас. Сондықтан әкім бұл мәселе жуық арада шешімін табады деді. Қазір қала меншігінде 56 жер асты өткелі бар. Қалған 37-сі жеке компанияға тиесілі. Оларды таза қалпында ұстау - жауаптылардың міндеті.      

«Жер асты өткелдеріне жарық қою керек. Одан кейін, бейнебақылау камералары болуы керек. Оның барлығын тиісті жабдықтармен қаптау қажет. Сол кезде ғана вандалдар бұза алмайды. Осы мәселені тездетіп шешіңіздер», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала басшысына жеке де, ұжым болып та жазып жатқандар  жетерлік. Соның бірі - Валентина Гутова. Ол учаскелік полицейлердің жұмысына сын артуда.  «Айнабұлақта» тұратын әйел ауданда жабайы сауда тыншымай тұрды дейді. Жүргінші жолдарын саудагерлер жаппай жаулап алған. Одан қалды, өзге өңірлерден келгендердің барлығы осы аумаққа топтасады. Көбісінің тіпті тіркеуі жоқ. Салдарынан ұрлық-қарлық, ұсақ қалмыс жиілеп кеткен.                            

«Айнабұлақтағы жабайы сауда жойылмай тұр. Кез келген тауар түрін сата береді. Тазалық талаптары мүлде сақталмайды. Тіпті, жолды бөгеп, аяққа оратылады», - деді қала тұрғыны Валентина ГУТОВА.

Мәселенің барын аудан басшылары біледі. Жабайы саудамен күресіп-ақ келеді. Бірақ, сатушыларға арнайы орын бөлінсе де, көшеде тұрып тауар сататындар үйреншікті жерлерінен алыстауға асықпайды. Алматы әкімі бұл түйіткілді шешу  қаншалықты қиын болса да, дереу мәнісін табу керектігін қадап айтты.    

Алматылықтарды көше жортқан қаңғыбас иеттер де алаңдатып отыр. Ирина Фурсова олардың көбейіп кетуіне иелері кінәлі дейді. Аулауға келгенде де мамандар дөрекілік танытады екен. Жануарларды тулақша сүйреп, тіпті көптің көзінше атып тастайтын кездер де тіркелген. Осыған бей-жай қарай алмаған әйел, қала басшысына мұңын шақты.          

«Тұрғындардың дені жануарларға қатігездік танытылып жатқанын айтады. Шынында, оларды талапқа сай ауламайды, орталыққа дұрыс жеткізбейді. Одан қалды, мекемеде иесіз иттерге жөнді қарамайды. Салғырттықтан қырылып жатқан жануарлар көп», - деді қоғам белсендісі Ирина ФУРСОВА.

Өткен жылы қаңғыбас ит пен мысықты аулауға қала қазынасынан 153 млн теңге бөлініпті. Мамандар 22 мыңнан аса жануарды оқшаулау орталығына жеткізген. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапқан.          

«Жануарларға арналған жаңа орталық ашу туралы бастама өте өзекті. Жобаны жіті қарап, тиісті қаржатты бөлу керек. Біз жануарларға қамқорлық көрсету арқылы, адамдарды мейірімді болуға үндейміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Тізімдегі тұрғындардың барлық уәжін тыңдаған әкім жауаптыларға тиісті тапсырма берді. Қала басшысы олқылық анықталған орындарды алдағы 10 күнде аралап, тексеріп шықпақ.

Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир