|
22.06.2017 | 09:37
1794

Алматылық полицейлер ұлықталды

Алматылық полицейлер ұлықталды

Алматылық полицейлер ұлықталды. Республика Сарайында қаланың тәртіп сақшыларына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Шаһар әкімі Бауыржан Байбек тәртіпті қорып жүргендердің еңбегін жоғары бағалап, оларға артылған сенімнің - атан жүгінен ауыр екенін айтты. Биыл қалада қылмыс саны едәуір азайған. Қарақшылық әрекеттердің жиі тіркелмеуіне - бейнебақылау камералары да септігін тигізіп жатыр. Сондықтан, қала басшысы тың құрылғылардың санын көбейту керектігін тілге тиек етті.

Лейла Аликбаеваның ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне 22 жыл болған. Ол - бұзақы жеткіншектерді тезге салумен келеді. Айтуынша, қызметінің машақаты көп. Әсіресе, әйел адамдар үшін. Сөйте тұра, табанды еңбек етуден тартынған емес. Полиция полковнигі жүре келе психологқа айналған. Әйтпесе, жастардың тілін табу қиын қазір.    

«Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісімен айналысатын инспектор - міндетті түрде психолог болуы тиіс. Одан бөлек, педагог және заңгер болуы керек. Олай болмаған жағдайда жасөспірімдермен жұмыс істеу өте қиын. Қазіргі жастар тәртіпке бет бұрған. Олардың арасында жасалатын қылмыс саны бірте азайып келеді»,- деді ІІД ювеналды полиция басшысы, Лейла АЛИКБАЕВА.

Балалар арасындағы бұзақылық қана емес, қазір қалада қылмыстың барлық түрі азайып келеді. Мәселен, былтыр Алматыда 2 мың 700-ден аса ауыр қылмыс жасалса, биыл оның көрсеткіші 39 пайызға кеміген. Одан бөлек, төбелес те, ұрлық-қарлық та сирепті. Қарақшылық әрекеттердің азаюына - шаһарда орнатылған бейнебақылау камералары септескен. Қазір қалада олардың 92 мыңы бар. Алдағы уақытта бейнебақылау камераларының санын тағы 1 мыңға көбейту жоспарлануда.   

«2017 жылы ішкі істер департаментін жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға артып, 19 млрд-қа жуық теңгені құрады. Бөлінген сомманың 50 пайызға жуығы департаменттің материалды-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. 

Биыл Наурызбай ауданында ішкі істер басқармасының жаңа ғимараты қолданысқа берілмек. Қажетті жарақпен толық қамтылған нысан - заман талабына сай етіп салыныпты. Қалада өтетін кез келген мерекелік шараға осы полиция жасағы жұмылады. Олар тұрғындардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, ел ішінде бейбіт өмірдің түгесілмеуіне үлес қосуда.  

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  бір сөзінде: "Құқық қорғау жүйесінде мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі - полицейлер қылмыс пен күресте адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауда алғашқы қатарда тұратын тұлғалар" деп атап өткен болатын. Ал, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі - Алматы қаласының ІІД еліміздегі құқық қорғау жүйесінің алдыңғы қатарлы құрылымы болып табылады»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.  

Осы ширек ғасырда алматылық 58 полицей қызмет бабында жүріп, қаза тапқан екен. Тағы 150-ден аса тәртіп сақшысы қандықолдардың қолынан жараланған. Ел үкіметі шейіт болған сақшыларды ұмыт қалдырмады. Қаскөйлерден қаймықпаған 18 батырға - "Айбын" ордендері табысталған.   

«Полиция қызметкерлері жеке бастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы жаттығу жұмыстарын жасайды. Заңдарды жаттап, сауаттылықтарын арттырады. Сондай-ақ, өзін-өзі дамытуға бағытталған барлық әрекеттерді жасауда»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қала билігі тарапынан ішкі істер департаментін қолдау әлі де жалғаса береді. Жуырда жылдағы дәстүрге сай, оларға су жаңа қосымша көліктердің кілттері табысталмақ. Бұл - тұрғындардың тыныштығын тәулік бойы қорып жүрген полицейлердің жұмысына тың серпін бермек.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы           


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир